Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастығына тың серпін берілмек

Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастығына  тың серпін берілмек

Қазақстанның Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатардың Муниципалитет министрі Абдулла бен Әбделазиз Әл Субаимен кездесті.

Сұхбат барысында Елші А.Исағалиев Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәкес Үкімет алдына қойылған жаңа мақсат-міндеттер туралы толық ақпарат берді.

Осы орайда, елдегі маңызды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру ісінде Қазақстан Қатар Мемлекетін өңірдегі маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратыны айтылды.     

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат екіжақты қатынастарды кешенді түрде нығайтудың негізгі алаңы болып табылатын үкіметаралық комиссияның биыл қазан айында Қатарда өтетін кезекті отырысына, сондай-ақ Экспо-2023 Доха халықаралық тақырыптық көрмесінің ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары С.М.Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның қатысатынын хабарлады.

Өзара сауда мен инвестициялық қатынастарды өрістетуге бағытталған бірлескен үкіметаралық комиссия отырысын 150-ден астам қазақстандық және қатарлық кәсіпкердің қатысуымен ұйымдастырылатын бизнес-форум толықтырмақ.

Қатар Мемлекетінің Муниципалитет министрі екі ел арасында ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласын қоса алғанда экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетке ие екенін атап өтіп, өзара сауда көлемін арттыруға қажетті барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

Осы орайда, тараптар Қазақстан мен Қатар арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту мақсатында өзара сапарлар мен екі ел аумағындағы халықаралық іс-шараларға қатысу жоспарын талқылады.