Қатар парламенті Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады

Қатар парламенті Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады

Доха, 2023 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі А.Исағалиев Қатар Консультативті Кеңесі Төрағасының орынбасары Хамда бинт Хасан Әл-Сулейтимен кездесті. Сұхбат барысында тараптар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, өзара тиімді серіктестікті өрістету жолдарын қарастырды.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының орныққаны, әрі кең ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыру жолында атқарылып жатқан белсенді жұмыс барысы туралы ақпарат беріп, Жолдаудың араб тіліне аударылған толық мәтінін табыстады.

Сонымен қатар, екі ел басшыларының қолдауымен жан-жақты нығайып келе жатқан қатынастарды еселей түсуге өзара дайындық пен ниеттестік расталды. Осыған байланысты алдағы уақытта Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Қатар Консультативті Кеңесі арасында ынтымақтастықтық тобының алғашқы отырысын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өз кезегінде, Хамда Әл-Сулейти Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев ұсынған әлеуметтік-экономикалық бетбұрыстарға оң баға беріп, Қазақстанның халықаралық сахнада рөлі мен мәртебесінің артып келе жатқанын мәлім етті. Осы ретте, Қатар тарапы Астананың ядролық қаруды таратпау, діндер арасындағы диалогты насихаттау және әлемдік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді.   

Бұған қоса, Консультативті Кеңес вице-спикері екі ел арасындағы экономикалық көрсеткіштердің артуын ризашылықпен атап өтіп, Қатардың Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға деген ұмтылысын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша екі ел парламенттері арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді.