Қазақстан мен Қатар жоғары оқу орындары екіжақты серіктестікті өрістетуге мүдделі

Қазақстан мен Қатар жоғары оқу орындары екіжақты серіктестікті өрістетуге мүдделі

Доха, 2023 жылғы 6 қыркүйек - 2023 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі К.Ақатовтың Қатар Мемлекетіне іссапары өтті.

Қатар Мемлекетінің Білім және жоғары білім министрі Бусейна Әл-Нуеймимен кездесу барысында екі елдің стратегиялық басымдықтары мен мақсаттарына сәйкес экономиканың түрлі салаларына кәсіби мамандарды даярлаудың маңыздылығы аталып өтіп, жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар, Qatar University және Hamad bin Khalifa University басшылығымен кездесулер ұйымдастырылып, оның барысында студенттермен алмасу мен академиялық ұтқырлық, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша тәжірибемен бөлісу мәселелері талқыланды.

Бұған қоса, қатар тарапына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, жоғары білімнің сапасын жақсарту, мемлекет тарапынан азаматтардың өз әлеуетін жүзеге асыру үшін жасалып жатқан жағдайлар, сондай-ақ жасанды интеллект саласына қажетті кадрлар даярлау мен зерттеулер жүргізу, техникалық және жұмысшы мамандарды дамыту секілді Үкімет алдына қойылған міндеттер туралы толық ақпарат берілді.

Іссапар қорытындысы бойынша Қатардың бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік орнату және ғылымның перспективті бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу тетіктерін қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.