
2023 жылғы 8 мамырда Елші А.Исағалиев Қатар Мемлекетінің
Тәрбие, білім және жоғары білім министрі Бусейн бинт Әли Аль-
Нуайминмен кездесіп, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты
дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Аталмыш министрлік білім сапасын арттыруда үлкен жұмыс
атқарып, Дохада ең үздік шетелдік университеттердің филиалдарын ашты,
онда қазір 40-тан астам қазақстандық студенттер білім алуда.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат білім және ғылым
салаларындағы кең ауқымды ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.
Атап айтқанда, екі елдің жетекші университеттерінде гранттар беру және
студенттер мен оқытушылар алмасуды ұйымдастыру мүмкіндіктері
талқыланды.
2022 жылғы қазанда Қатар Әмірінің Астанаға мемлекеттік сапары
шеңберінде қол қойылған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен
ҚМ Тәрбие, білім және жоғары білім министрлігі арасындағы білім беру,
жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық
туралы келісім шеңберінде екі елдің тиісті органдары мен жоғары оқу
орындары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселелеріне
ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, тараптар ИЫҰ, АҚИҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО және басқа
да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін
талқылады.