
Ү.ж. 11 сәуірінде Қазақстанның Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев «Metito Qatar Overseas» компаниясының бас директоры Хельми Гандурмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның су ресурстары саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. 2022 жылдың маусым айынан бастап «Metito Qatar Overseas» компаниясы Маңғыстау облысындағы «Caspiy» тұщыту зауытына жабдықтарды жеткізуде.
Қазіргі таңда компания Қазақстанның бірнеше қалаларында, соның ішінде Астана, Петропавл, Тараз және Қонаев қалаларында кәріздік тазарту қондырғыларын жаңарту бойынша жобаларды белсенді зерделеуде. 2022 жылдың қазан айында Қатар Мемлекеті Әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Metito Qatar Overseas» Жамбыл облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, «Metito Qatar Overseas» Маңғыстау облысында ірі тұщыту зауытын салу мүмкіндігін қарастыруда.
«Metito» конгломераты - су ресурстарын басқару үшін толық интеллектуалды шешімдерді ұсынудағы әлемдік көшбасшы болып табылады.
60 жылдан астам тәжірибесі бар «Metito» суды тұщыландыру және қайта пайдалану, өнеркәсіптік қоспаларды дайындау, су ресурстарын басқару салаларында инвестиция салуда арнайы жасалған, жан-жақты және жетілдірілген шешімдерді ұсынады. «Metito» дүние жүзіндегі миллиондаған адамдарды таза сумен қамтамасыз ету мақсатында әлемдік деңгейдегі жаһандық ноу-хауды пайдаланады. Компания еншісінде әлемнің 50 елінде су ресурстарын басқару және кәріздік тазарту қондырғылары саласында 3000-нан астам жобалары бар.