2023 ж. 21 наурызда Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен «Le Royal Meridien» қонақүйінің «Yedi» ресторанында «Наурыз» мерекесі атап өтілді.
Аталған іс-шараға Қатар аумағында тұрып жатқан 150-ден астам Қазақстан азаматтары қатысты. Мерекелік дастарханға наурыз көже мен палау, бауырсақ пен самса пісіріліп, қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Атап өтетін жәйт, отбасылы азаматтардың көбі балаларымен бірге қазақ костюмдерін киіп келіп, өздерінің дайындап келген өнерлерін – домбыра мен скрипка тарту, өлең айту және би билеу арқылы көрсетті.
Бұл іс-шара, Доха қаласында алғаш өткізілуіне қарамастан, азаматтарымыздың елімізге деген сүйіспеншігімен және шетелде өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге ретінде көрсету мақсатында өткенін атап өтуге болады.
Осы ретте, «Наурыз» мерекесі қазақ диаспорасы мен студенттеріне тағы да бір қазақтың әдет-ғұрпы мен тағамдары, ұлттық мәдениеті және өнерімен танысуға үлкен мүмкіндік бергенін мәлімдейміз.