
2022 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Қатардағы Елшілігі Қазақстан Республикасы күні ұлттық мерекесіне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
Іс-шараға Қатар Үкіметі мен билеуші отбасы мүшелері, мемлекеттік органдардың, ірі ұлттық және жеке компаниялардың басшылары, Дохада тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, ғылыми орта мен қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ елдің жетекші БАҚ өкілдері мен блогерлері қатысты.
Өз сөзінде Елші А.Исағалиев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне және оның қуатты тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды кезеңдеріне тоқталды. Дипломат ҚР Президенті – Қ.Ж.Тоқаевтың еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөлін, оның ауқымды бағдарламалары мен стратегияларын, халықаралық бастамалары мен дипломатиялық жеңістерін ерекше ескеріп, алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы туралы айтып өтті.
Қазақстан мен Катар арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға тоқталған А.Исағалиев соңғы жылдары ынтымақтастықтың айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Елші Катар Әмірі шейх Тамим Бин Хамад әл-Танидің 12-13 қазандағы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары туралы егжей-тегжейлі тоқталып, бұл екі мемлекет арасында стратегиялық әріптестіктің орнауына бастама бергенін атады.
Қабылдау бағдарламасы ұлттық музыкалық қойылымдарға толы болды. Сондай-ақ, дәстүр бойынша қонақтарға қазақ асханасының түрлі тағамдары ұсынылды, олар барлық қатысушылардың көңілінен шықты.