
Ү.ж. 29 маусымда Astana Finance Days аясында Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті арасындағы банктік, қаржылық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Қазақстан – Катар мүмкіндіктері» атты панельдік сессиясы ұйымдастырылды.
Сессия барысында тараптар Катар мен Қазақстанда табысты қаржылық экожүйелерді құру бойынша тәжірибе алмасып, QFC және AIFC негізіндегі қаржы орталықтарына қатысушы компаниялардың одан әрі өзара қарым-қатынастарын арттыру жолдарын, сондай-ақ Катар компанияларымен энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және телекоммуникация салаларында инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Панельдік сессияға спикерлер ретінде Катар қор биржасының, K&L Gates заң фирмасының, Kazakh Invest, QazaqGaz ұлттық компаниясының, сондай-ақ, АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) өкілдері қатысты.
Катар қаржы орталығы әкімшілігінің бас экономисі Хайтем Мохамед Әл Салам өз сөзінде Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуеті Катар бизнесінің күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. АХҚО - Қазақстанмен тығыз байланысты сауда-экономикалық кеңістіктерді қамтуын ескере отырып, Катардың инвестициялық қызметін дамыту үшін тиімді қызмет көрсетуші болып табылады.
Жалпы, панельдік сессияға қатысушылар қаржы және инвестициялық салалардағы, оның ішінде АХҚО платформасы арқылы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, 29 маусымда Қазақстан мен Катар іскер топтарының қатысуымен, оның ішінде Катар қаржы орталығы, Катар коммерциялық банкі, Qatar Islamic Bank QInvest инвестициялық компаниясы, Катар қор биржасы және басқаларымен екі-жақты кездесулер өткізілді.
Кездесу қатысушыларына өз сөзінде АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов екі елдің қаржы орталықтарының белсенді рөлінің арқасында қаржы және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық елдер арасындағы экономиканы дамытудың орталық элементі болып табылатынын атап өтті.
Тараптар Қазақстан экономикасына инвестиция тарту бойынша ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттары, Катар қаржы орталығы мен АХҚО, сондай-ақ қор биржалары арасындағы өзара қатынас әлеуетін одан әрі дамыту туралы ақпарат алмасты.
Іс-шаралар Катардағы ҚР Елшілігінің және Қазақстандағы Катар Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, Президент Қ.Ж. Тоқаевтың шақыруымен Әмір шейх Тамим бен Хамад Әл-Танидің Нұр-сұлтан қаласына жоспарланған мемлекеттік сапарының экономикалық блогын мазмұнды толықтыруға бағытталған.