Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумына қатысты

Ү.ж. 21 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен Дохада өтетін "Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу" атты екінші Қатар экономикалық форумына қатысты.

Аталған маңызды іс-шара "Bloomberg" агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылып және шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр. Қазақстан Президенті Қатар экономикалық форумының «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сессиясына қатысты. Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығыстары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Сонымен қатар,  Президент Ресейге салынған ауыр санкциялық саясат салдарынан Қазақстан қандай экономикалық зардап шегуі мүмкін деген модератордың сұрақтарына жауап берді.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Көшбасшылар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға екі жақтың да ұмтылысы бар екенін айтты. Әңгіме соңында Тамим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жақын арада елімізге сапармен келуге ниетті екенін нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумы аясында Грузияның Премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесу өткізді. Кездесуде екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды.