
Ү.ж. 17 сәуірде Қазақстанның Дохадағы Елшісі А.Исағалиев Қатардың Уақыфтар және ислам істері жөнідегі министрі Ғаним бен Шахин Әл-Ғаниммен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысуға шақыруын табыстады.
Қазақстандық дипломат министрге Қазақстан Республикасының Съезді шақыру жөніндегі бастамасын ілгерілетуде Қатардың көрсеткен көмегі мен қолдауы, сондай-ақ оның жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Министр Қазақстан астанасында әрбір үш жыл сайын өткізілетін дінаралық форумның деңгейі мен тиімділігін жоғары бағалап, пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөліне арналатын алдағы Съезге өзінің қатысуын растады.
Сондай-ақ, Елші сұхбаттасын ҚР-дағы ағымдағы жағдай және Президент Қ.Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқан, қоғамның одан әрі демократиялық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ішкі және сыртқы қатерлерге қарсы тұруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар туралы хабардар етті.