Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Қатарға сапармен келді

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Қатарға сапармен келді
2022 жылғы 10 наурызда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру және аграрлық салаға инвестициялар тарту жолдарын талқылау үшін Дохаға жұмыс сапарымен келді.
​Сапар аясында Е.Қарашөкеев ҚМ Муниципалитет министрі Абдалла бен Әбделәзиз бен Түрки Ас-Субай, «Hassad Food» ұлттық компаниясының Төрағасы Мұхаммед Бадр Әл-Садамен кездесіп, олармен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
​Дохада болу барысында қазақстандық министр ү.ж 10-14 наурыз аралығында Қатарда өтіп жатқан «AgriteQ» and «EnviroteQ» ауыл шаруашылығы, ветеринариялық және экологиялық технологиялар халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Ағымдағы жылы аталған көрменің жұмысына қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда, ет, ұн, бал, күнбағыс майы және макарон өнімдерін өндіруші компаниялар, сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті қатысуда.
​Осы көрме алаңында ұйымдастырылған конференцияда сөз сөйлеген Министр Е.Қарашөкеев қатысушыларға қазақстандық аграрлық сектордың әлеуеті, осы саланы дамыту және қазақстандық ауыл шаруашылығы
өндірушілерін қолдау бойынша ҚР Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді.
​Аталған іс-шара аясында қазақстандық делегация басшысы Қатардың Премьер-министрі - Ішкі істер министрі шейх Халид бен Халифа бен Абдулазиз Әл-Тәни және ҚМ Сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бин Касим Әл-Абдулла Әл-Тәнимен кездесті.
Сонымен қатар, сапар бағдарламасы аясында Е.Қарашөкеев Қатардағы ең ірі «Baladna» сүт-тауар фермасында болды, ол Қатар нарығының осы өнімдерге қажеттілігінің 95%-ын қамтитын жаңа табиғи сүт пен сүт өнімдерін шығарады. Қатарлық инвесторлар дәл осындай вертикальды интеграцияланған жобаны Қазақстанда жүзеге асыруға ниет білдірді.