Дінаралық диалог жөніндегі Доха орталығы әлемдік және дәстүрлі діндер Съезінің жұмысына қатысады

Дінаралық диалог жөніндегі Доха орталығы әлемдік және дәстүрлі діндер Съезінің жұмысына қатысады

Ү.ж. 7 наурызда Қазақстанның Қатардағы Елшісі Арман Исағалиев Дінаралық диалог жөніндегі Доха халықаралық орталығының Төрағасы доктор Ибрахим Салех Әл-Наимимен кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысуға шақыруын табыстады. И.Әл-Наими Қазақстан астанасында әрбір үш жыл сайын өткізілетін дінаралық форумның деңгейі мен тиімділігін жоғары бағалап, пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөліне арналатын алдағы Съезге өзінің қатысуын растады.

Сондай-ақ, кездесуде екі ел арасындағы дін саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Доха орталығының конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен тығыз өзара іс-қимылын жолға қою ұсынылды. И. Әл-Наими жұмыс байланыстарын орнатуға және екі мекеме арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға мүдделілігін білдірді. Ол Қазақстан орталығының басшысына 2022 жылдың мамыр айында Доха орталығының қамқорлығымен өтетін дінаралық диалог жөніндегі жыл сайынғы конференцияға шақыру жіберуге және осы іс-шара аясында осы келісімге қол қойылатына уәде берді.

Дохадағы дінаралық үнқатысудың халықаралық орталығы (DICID) Қатар астанасында 2007 жылғы мамырда үш монотеистік дін өкілдері арасындағы өзара түсіністікті дамыту, мәдени байланыстарды кеңейту және әртүрлі діндердегі адамдардың бейбіт қатар өмір сүруі мақсатында ашылды.