
Ү.ж. 21 қаңтарда Дохадағы Қазақстан Елшілігінің ғимаратында Елші А.Исағалиев Қатардың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.
Кездесу барысында жаһандық пандемия және карантиндік шектеулер жағдайында студенттер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Елші дипломатиялық өкілдіктің отандастарымызға тұрақты қолдау көрсетуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға дайындығын растады. А.Исағалиев жиналғандарға жоғары сапалы білім алып, оны болашақта Қазақстанның игілігі үшін пайдалану, жергілікті заңдарды сақтау, Қатардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеу, сондай-ақ студенттердің өздеріне зиян келтіретін және еліміздің имиджіне нұқсан келтіретін қандай да бір оқиғаларға жол бермеу және болдырмау маңыздылығына ерекше назар аударды.
Қазақстандағы соңғы оқиғаларға байланысты дипломат студенттерді осы қиын уақытта бірлікке, патриотизмге және өзара қолдауға шақырды. Елші ҚР-дағы жағдай, сондай-ақ ел басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.
Бүгінгі таңда Қатар университеттерінде біздің 30-дан астам азаматтарымыз білім алуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарының қоғамдық өміріне, сондай-ақ Елшіліктің іс-шараларына белсенді қатысады.