Қатар министрі дінаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады

Қатар министрі дінаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі  Қазақстанның рөлін жоғары бағалады

Ү.ж. 23 қаңтарда Қазақстанның Дохадағы Елшісі А.Исағалиев Қатардың Уақыфтар және ислам істері жөнідегі жаңа министрі Ғаним бен Шахин Әл-Ғаниммен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы дін саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ  2022 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жұмысына Қатардың қатысуы талқыланды.

Қазақстандық дипломат министрге Қазақстан Республикасының Съезді шақыру жөніндегі бастамасын ілгерілетуде Қатардың көрсеткен көмегі мен қолдауы, сондай-ақ оның жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде, Министр Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі рөлін жоғары бағалады. Атап айтқанда, ол Қазақстан астанасында әрбір үш жыл сайын өткізілетін басты діни көшбасшыларды бір үстел басында біріктіретін жоғары деңгейдегі халықаралық форум бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен келісімді, толеранттылық пен тұрақтылықты нығайту ісіне зор үлес қосатынын атап өтті. Қатар мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өткен Ғ.Әл-Ғани біздің еліміздің барлық ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар өткізу, діни кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру және т.б. мәселелері бойынша ҚР тиісті министрлігімен жұмыс байланыстарын дамытуға дайын екендіктерін растады.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстандағы жағдай да сөз болды. Елші сұхбаттасушыны қаңтардағы қайғылы оқиғалар және еліміздегі қазіргі жағдай туралы хабардар етті. Сонымен бірге, А.Исағалиев ҚР Президенті Қ-Ж.К.  Тоқаевтың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі бастама жасаған шаралар пакеті, сондай-ақ жаңадан құрылған Үкіметтің алдына қойылған жаңа міндеттер туралы айтып берді. Қатар министрі қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер барысында көптеген азаматтардың қаза болуына байланысты Қазақстан халқына көңіл айтты, сондай-ақ елімізге бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу тіледі.