
2021 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қатардағы Елшілігі Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
Іс-шараға Қатар Үкіметі мен билеуші отбасы мүшелері, мемлекеттік органдардың, ірі ұлттық және жеке компаниялардың басшылары, Дохада тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, ғылыми орта мен қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ елдің жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Елші А.Исағалиев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне және оның қуатты тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды кезеңдеріне тоқталды. Дипломат ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөлін, оның ауқымды бағдарламалары мен стратегияларын, халықаралық бастамалары мен дипломатиялық жеңістерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Елші қонақтардың назарын ҚР Президенті Қ-Ж.к.Тоқаевтың басшылығымен мемлекетіміздің одан әрі тұрақты және қарқынды дамуына бағытталған саяси және экономикалық саладағы теңдессіз реформаларына аударды.
Қазақстан мен Қатар арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға қатысты А.Исағалиев дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап 28 жыл ішінде қол жеткізілген екіжақты және көпжақты деңгейлердегі жемісті өзара іс-қимыл үшін қатарлық әріптестеріне алғыс білдіре отырып, соңғы уақытта байқалып отырған түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
Қабылдау бағдарламасы аясында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, дәстүр бойынша қонақтарға қазақ асханасының түрлі тағамдары ұсынылды, олар барлық қатысушылардың көңілінен шықты.