Қазақстан THE Bizz AMEA рәсімін өткізу құқығына ие болды

Қазақстан THE Bizz AMEA рәсімін өткізу құқығына ие болды

Ү.ж. 24 қарашада Дохада 50–ден астам елдің ірі компаниялары басшыларының қатысуымен Дүниежүзілік бизнес конфедерациясының (WORLDCOB) - THE Bizz AMEA Awards марапаттарын тапсыру рәсімі өтті.

Бұл сыйлық өңірлік бизнес пен әлемдік экономиканы дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін бүкіл әлемнің кәсіпкерлері үшін өзіндік «Оскар» болып табылады.

Биылғы жылы біздің елден қазақстандық «Union Security» компаниясы марапатқа ие болды.

WORLDCOB әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирде өткен іс-шарада Қазақстанның Қатардағы Елшісі Арман Исағалиев сөз сөйлеп, қатысушыларды еліміздің экономикалық және инвестициялық әлеуетімен, сондай-ақ ҚР Үкіметінің шетелдік инвесторлар мен бизнесмендердің транспарентті қызметі үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіп жатқан жұмысымен таныстырды.

Сонымен қатар, дипломат Қазақстанның ауқымды туристік мүмкіндіктеріне тоқталып, әлемнің жетекші бизнесмендерін алдағы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін BIZZ Eurasia 2022 марапаттау рәсіміне қатысуға шақырды.

Аталған іс – шараға 50-ден астам елден 250-ге жуық кәсіпкер қатысады деп күтілуде, олар шағын, орта және ірі компаниялардың иелері, бірінші басшылары, басқарушы директорлары мен серіктестері.

Бүкіләлемдік бизнес конфедерациясы (WORLDCOB) - 2004 жылы АҚШ Техас штатының Хьюстон қаласында құрылған интернационалдық ұйым. Оған 130-дан астам елдің атынан өкілдік ететін 3500 мүше кіреді. Конфедерация өзінің негізгі миссиясын THE Bizz amea Awards сыйлығы сияқты құралдардың көмегімен бүкіл әлемде бизнестің дамуына ықпал ету деп санайды.  Бұл іс-шаралар бизнесті біріктіруге, іскерлік қарым-қатынас орнатуға және жаңа бағыттағы туризмді дамытуға ықпал етеді.