Ү.ж. 16-18 қарашада Доханың ең ірі көрме орталығында алғаш рет «Qatar Travel Mart» халықаралық туристік көрмесі өтті, онда қазақстандық туризм бірден үш павильонмен таныстырылды.
«Qatar Travel Mart» келу және кету туризмін біріктіру арқылы Қатардың туристік индустриясының бәсекеге қабілеттілігін қолдауға, Қатар тұрғындарының шетелдік туристік компаниялармен тікелей байланысын қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы көрме.
Іс-шарада ең танымал туристік бағыттар, жылжымайтын мүлікті дамыту жобалары және сәнді, іскерлік, медициналық, спорттық және халал туризм саласындағы заманауи трендтер көрсетілді.
Қазақстандық павильондардың бірі шетелдіктерге табиғи ресурстардың бірегейлігімен, табиғи ландшафттардың әртүрлілігімен және бай мәдени мұрасымен ерекшеленетін Шығыс Қазақстан облысының туристік мүмкіндіктерін таныстырды.
Сондай-ақ, павильонның бірінде ең дамыған туристік инфрақұрылымы бар қала - Алматы таныстырылды. Ү.ж. 19 қарашада Алматыға Дохадан тікелей рейстің ашылуына байланысты оңтүстік астананың қатысуы ерекше маңызға ие.
Елшіліктің павильонында шетелдік туристердің назарын аударатын Қазақстанның сұлулығын сипаттайтын түрлі баспа және бейне материалдар ұсынылды. Түркі әлемінің астанасы-Түркістанды таныстыру үшін жеке бұрыш бөлінді.
Іс-шара барысында бірқатар қазақстандық туроператорлар өздерінің туристік ұсыныстарын ұсынды, сондай-ақ B2B және B2C форматында кездесулер өтті. Бұл көрмені өткізуге Дохада тұратын Қазақстан азаматтары мен қазақстандық студенттер өз үлестерін қосты.
Шығыс қазақстан облысы мен Алматы қаласының стендтері көрменің басқа қатысушыларының да, өздерінің туристік сапарлары үшін мүмкін болатын жаңа пункттермен танысуға келген Қатар тұрғындарының да шынайы қызығушылығын тудырды.