Қатар министрі дінаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады

Қатар министрі дінаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады

2021 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстанның Дохадағы Елшісі А.Исағалиев Қатардың Уақыфтар және ислам істері жөнідегі министрі Ғайс бен Мубарак Әл-Куаримен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы дін саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ  2022 жылғы Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жұмысына Қатардың қатысуы талқыланды.

Қазақстандық дипломат Қатар министріне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Съезді шақыру жөніндегі бастамасын ілгерілетуге көрсеткен көмегі мен қолдауы, сондай-ақ оның жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ,  Елші министрге ү.ж. 5-6 қазанда Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ХІХ хатшылығына дайындық барысы туралы хабарлады.

Министр Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіндегі рөлін жоғары бағалады. Атап айтқанда, ол Қазақстан астанасында әрбір үш жыл сайын өткізілетін басты діни көшбасшыларды бір үстел басында біріктіретін жоғары деңгейдегі халықаралық форум бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен келісімді, төзімділік пен тұрақтылықты нығайту ісіне зор үлес қосатынын атап өтті.  Ғ.Әл-Куари ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа барлық конфессиялар өкілдерінің бірге бейбіт өмір сүруі мен ынтымақтастығын қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс айтты. Қатар министрі 2022 жылы Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысуға дайын екендігін растады.

Сондай-ақ, сұхбат барысында тараптар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен Дінаралық диалог жөніндегі Доха халықаралық орталығы арасында өзара іс -қимылды орнату мәселелерін талқылады.