2021 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшілігі Қазақстанның АӨСШК төрағалығына орай ресми іс-шара ұйымдастырды, оған Дохада аккредиттелген Азия мемлекеттерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, Қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және журналистер қатысты.
Өз сөзінде Елші А.Исағалиев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған АӨСШК 30 жылға жуық уақыт өткен соң әлемдік ЖІӨ-нің 50%-нан астамын құрайтын және жаһандық экономикалық өсудің үштен екі бөлігін қамтамасыз ететін 27 мүше мемлекетті біріктіретін азиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық жүйесінің маңызды платформасына айналып, дүниежүзілік қауымдастық тарапынан кеңінен танылғанын атап өтті.
Дипломат Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық етуінің басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді, оның ең бастысы форумның институционалдық дамуын дәйекті ілгерілету және оның базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру болып табылатындығын жеткізді. «АӨСШК-нің толыққанды ұйымға айналдыру табысты жұмыс істеп тұрған диалог алаңына халықаралық субъективтілік пен жаһандық рөл береді, осылайша Азия мемлекеттерінің жалпы әлемдік процесстерге ықпал ету тетіктерін нығайтады» деп атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар 2021 жылғы 11-12 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуінің негізгі аспектілері туралы хабардар етілді. Іс-шара қорытындысы бойынша өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әлемдік қоғамдастық таныған Қазақстан» атты фотокөрме ұйымдастырылды.