
2021 жылғы 8 қыркүйекте «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі мен Қатар ғылыми-технологиялық паркі (QSTP) арасында келіссөздер өтті. Келіссөздер барысында қазақстандық тарап «Astana Hub» қызметі, шетелдік стартаптар үшін қазіргі жетістіктер мен әлеуетті мүмкіндіктер туралы айтып берді. Кездесу нәтижесінде өзара әрекеттестік орнату, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою және бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
QSTP ғылыми-техникалық зерттеулер мен әзірлемелердің орталығы болып табылады. Бұл Қатардағы алғашқы еркін сауда аймағы және халықаралық технологиялық компаниялар мен бастаушы кәсіпорындардың инкубаторы.
Жақында Қазақстанның Дохадағы Елшісі Арман Исағалиев QSTP-ге барып оның басшылығымен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстанда цифрландыру мен инновациялық дамуға үлкен көңіл бөлетінін атап өттіп және кез келген ауқымды стартаптар үшін өзін тартымды алаң ретінде танытқан Орталық Азиядағы ІТ стартаптардың ірі халықаралық технопаркі – «Astana Hub» туралы айтты.
Бірқатар қатарлық компаниялар «Astana Hub» алаңында жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Мобильді қосымша арқылы тауарлардың барлық түрлерін жедел және тиімді жеткізу қызметтерін ұсынатын Қатардың жетекші «Snoonu» компаниясы қазақстандық технопаркке бірінші болып тіркеліп, онда өз өкілдігін ашты.