
Ү.ж. 11-15 шілде аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының Вице-президенті Т.Есполов Қатар Мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында қазақстандық академик ҚМ Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмад Хассан әл-Хамади, ҚМ Муниципалитет және қоршаған ортаны қорғау министрі Абдалла бен Әбделәзиз бен Түрки Ас-Субай, Қатар Даму Қоры Бас директорының орынбасары Али Әл-Даббах, «Hassad Food» ұлттық компаниясының Төрағасы Мұхаммед Бадр Әл-Сада, Қатар инвестицияларды ілгерілету агенттігінің атқарушы директоры шейх Али әл-Уалид Әл-Тәни, «Global Dryland Alliance» Атқарушы директоры Бадер Омар Әл-Дафа, Қатар университеті президентінің м.а. Марьям Аль-Али Аль-Мадидпен кездесті, сондай-ақ Қатардың ірі мал шаруашылығы фермасы және сүт өнімдерін өндіруші «Baladna» компаниясымен танысты.
Қатар тарапымен келіссөздер барысында Т.Есполов Қазақстан мен Қатардың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтты. Қазақстандағы аграрлық сектордың өндірістік қуаттылығы, отандық өнімнің сапасы, бәсекеге қабілеттілігі, сұранысы және экологиялық тазалығы жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар, ол әлемдегі азық-түлік пен су қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін және осы проблеманы шешуде ғылыми тәсілді қолдану қажеттілігін көтерді.
Өз кезегінде, ҚазҰАЗУ Ректоры аталған мәселелерді шешуде Қазақстан мен Қатардың ғылыми орталары арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруға дайын екендігін мәлімдеді. Ол өз университетінің базасында ҚР-ның ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерімен таныстырды және катарлық тарапқа жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалар туралы ақпарат берді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық ғалымдарының жаңа буынын оқыту қажеттілігін ерекше атап өтіп, осыған байланысты Қатар университеті ректорының м.а. екі елдің ЖОО арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды тапсырды. Тараптар Қатар Әмірінің Қазақстанға сапары барысында осы меморандумға қол қоюға келісті.