Қазақстан «Қатар экономикалық форумға» қатысты

Қазақстан «Қатар экономикалық форумға» қатысты

Ү.ж. 21-23 маусым аралығында Қатардың билігі «Bloomberg» агенттігімен бірлесе отырып «Болашақтың жаңа көкжиектері» атты Қатар экономикалық форумын бейнеконференция форматында өткізді. Форумның басты назары жаһандық көшбасшылығы мен пандемиядан кейінгі экономикалық өсуді қолдау стратегияларына арналды.
Халықаралық іс-шараға экономика, қаржы, инвестиция, білім, климат және басқа салалардағы 2000-нан астам сарапшылар мен танымал тұлғалар қатысты. Спикерлер ретінде 100 адам, оның ішінде бірқатар мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. Олардың қатарында Гана Президенті Н.Акуфо-Аддо, Түркия Президенті Р.Ердоған, Руанда Президенті П.Кагаме, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті С.Рамафоса, Сенегал Президенті М.Салл, Ұлыбритания Премьер-Министрі Б.Джонсон, Армения Президенті А.Саркисян, Грузия Премьер-Министрі И Гарибашвили және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар бар. Қатар экономикалық форумын ресми түрде Қатардың Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәни ашты.
Қазақстан атынан аталған форумға ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы – «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының Басқарушысы Қ.Келімбетов қатысты. Қазақстан өкілі «Дәстүрлі және дамушы нарықтарға инвестициялау» тақырыбындағы сессияда сөз сөйледі.