
28 мамырда Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов Дохадағы World Athletics Әлемдік Қауымдастығының Гауһар Лигасының ең беделді жеңілатлетикалық кезеңін өткізу рәсіміне қатысу үшін Катарға жұмыс сапарымен барды. Осы іс-шара аясында ол Катар Олимпиада комитетінің басшысы шейх Жауан бен Хамад Әл Танимен кездесті.
Катарға сапары барысында Қазақстан ұйымының басшысы Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамадпен де келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Нұр-сұлтан қаласында Азия қауымдастығының жеңіл атлетиканы дамытудың өңірлік орталығын ашу туралы қағидатты уағдаластыққа қол жеткізілді және келесі жылдың ақпан айында Қазақстан астанасындағы ғимарат ішінде өтетін X Азия чемпионатына дайындық барысы талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақстанның 2024 жылы жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатын өткізу құқығын алу науқанына қатысу мәселесі қозғалды.
Дахлан Әл-Хамадты Даниал Ахметов елдегі «спорт патшайымын» дамыту аясында Ұлттық Федерация жүзеге асырып жатқан Қазақстандағы нақты инфрақұрылымдық шешімдер туралы хабардар етті.
Сондай-ақ сапар барысында Даниал Ахметовтің Азия Олимпиадалық кеңесінің Вице-президенті және Катар жеңіл атлетика федерациясының президенті Тани Абдурахман Әл-Кауаримен кездесулері өтті. Спорт ұйымдарының басшылары спорт түрін дамыту туралы пікір алмасып, тараптардың өзара ынтымақтастығын күшейту туралы уағдаласты.
Делегация құрамында Қазақстан Республикасының Катардағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясынан: Вице-Президент Алмасхан Сматлаев, Бас хатшы Асхат Сейсембек, сондай-ақ конференция мүшесі Денис Рыпаков қатысты.
Дохадағы World Athletics Әлемдік Қауымдастығының Гауһар Лигасының жарыстарына біздің даңқты спортшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.