
Ү.ж. 15 сәуірде Қазақстанның Дохадағы Елшісі А.Исағалиев Қатар Ұлттық оқу орындарының флагманы – Qatar University-не барып, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын талқылау үшін оның Президенті Хасан әл-Дерхаммен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру арқылы екі елдің университеттері арасында кең өзара әрекеттестік орнатудың зор әлеуетін атап өтті. Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің Нұр-Сұлтанға алдағы мемлекеттік сапары барысында қол қоюға жоспарланып отырған Қазақстан мен Қатар Білім және ғылым министрліктері арасындағы Келісім екі елдің жоғары оқу орындарының кең ауқымды ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз болады.
Qatar University Президенті өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылау үшін, Қазақстанның жетекші ұлттық жоғары оқу орындарымен онлайн форматта келіссөздер бастауға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, ол ғарыштық зерттеулер, сондай-ақ жасанды спутниктерді құру саласында бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруды ұсынды.
Сондай-ақ, кездесуде Qatar University білім және ғылыми гранттар беру мүмкіндіктері талқыланды. Қазіргі таңда университетте қазақстандық студенттер түрлі бағдарламалар бойынша білім алуда. Келесі оқу жылында біздің елден студенттер санын арттыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Елші А.Исағалиев сұхбаттасушыға осы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуын мерекелеу туралы айтып берді. Осыған байланысты қатарлық жоғары оқу орнының студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы үшін осы атаулы күнге арналған дәріс өткізу бастамасы көтерілді.
Кездесу соңында Qatar University Президентіне араб тілінде жарық көрген қазіргі қазақ әдебиетінің Антологиясы мен Абай шығармаларының жинағы таныстырылды.
Анықтама: Qatar University - Қатардың бас мемлекеттік университеті. 1977 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 52 ұлттың 23000 оқушысы білім алуда.
Оқыту араб және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Университеттің құрамына 10 факультет (колледж) кіреді – өнер және ғылым, бизнес және экономика, педагогика, құқықтану, инженерия, медицина ғылымдары, фармацевтика, стоматология, шариғат және ислам зерттеулері. Бұл ретте академиялық бағдарламалардың кең таңдауы ұсынылады, оның 47 - бакалавриат, 29 - магистратура, 20 - докторантура.
Университетте заманауи инфрақұрылым, ғылыми зертханалар, техникалық жабдықтар және сирек кездесетін қолжазбалар коллекциясы сақталған кең кітапхана бар.
Қатар университеті көптеген шетелдік университеттермен және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол 130-дан астам елмен 400-ден астам бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.