
Назарбаев Университеті Қатардың жетекші жоғары оқу орны – Хамад бен Халифа университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісімнің басты тармақтары екі университет арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын дамыту, білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды қолдау, оқытушылар мен студенттермен алмасуды қамтиды. Сондай-ақ, академиялық қызметті дамыту, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және мамандарды даярлау өзара қызығушылық тудыратын салалар ретінде айқындалды.
Бұл меморандум Қазақстан мен Қатардың жоғары оқу орындары арасындағы кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашады.
Қатар Мемлекетінің Әмір-Әкесінің атымен аталатын Хамад бен Халифа университеті 2010 жылы елдің адами әлеуетін ашу жөніндегі көзқарасын жүзеге асыру үшін құрылған Қатар білім, ғылым және қоғамды дамыту қорының (Qatar Foundation) құрамына кіреді. Бұл университет Қатар мен аймақтағы оң өзгерістердің катализаторы ретінде, мемлекеттің дамуына жаһандық әсер етеді.
2016 жылдан бастап Хамад бен Халифа университеті Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен жемісті ынтымақтастық орнатқан. 2019 жылы Қатардың жоғары оқу орнының көмегімен ҚазҰУ-да Исламдық қаржыландыру Ғылыми-білім беру орталығы ашылды, ол осы салада мамандарды даярлау бойынша Орталық Азиядағы алғашқы оқу орны болды.