Қазақстанның Қатардағы Елшісі парламент сайлауына орай баспасөз мәслихатын өткізді

Қазақстанның Қатардағы Елшісі парламент сайлауына орай  баспасөз мәслихатын өткізді

2021 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Дохадағы Елшілігінде Елші А.Исағалиев Қатардың БАҚ өкілдеріне арналған алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы туралы брифинг өткізді.

Іс-шараға Қатардың белді ақпараттық агенттіктері – «Al Sharq», «Peninsula», «Gulf Times», «Al Watan», «Al Arabi Al Jadeed» және «Qatar News Agency» журналистері қатысты.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат қатысушыларды Қазақстандағы ағымдағы жағдай, алдағы парламенттік сайлауға дайындық барысы, сондай-ақ сайлау науқанына қатысатын саяси партиялар жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ, журналистерге ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық негіздерді жетілдіру және қоғамды демократияландыру бойынша билік қабылдап жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңа саяси реформалар туралы, мысалы, заң шығарушы органның басқарушы құрылымдарында парламенттік азшылық партияларына қосымша кепілдіктерді бекітуді көздейтін парламенттік оппозиция институтын енгізу, саяси партиялардың қалыптасу шегін 40-тан 20 мың адамға дейін төмендететін жаңа заң қабылдау, саяси партиялардың сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлу, т.б. мәселелер түсіндірілді.

Ү.ж. қазан айында Қатарда да ел тарихындағы алғашқы парламенттік сайлау өтеді. 2020 ж. 3 қарашада ҚМ Консультативтік кеңесінің  кезекті 49-шы сессиясының ресми ашылу салтанатында Әмір шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тани тұңғыш сайлау науқанын өткізілетіндігін ресми түрде мәлімдеді.

          Баспасөз мәслихаты барысында Елші А.Исағалиев катарлық журналистердің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Қатар ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму болашағы туралы сұрақтарына да жауап берді.