Қазақстанның Елшісі Қатардың Білім және жоғары білім министрімен кездесті

Қазақстанның Елшісі Қатардың Білім және жоғары білім министрімен кездесті

2020 жылғы 26 қазанда Елші А.Исағалиев білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын талқылау үшін Қатар Мемлекетінің Білім және жоғары білім министрі доктор Мұхаммед Абдул Уахид Әл-Хаммадимен кездесті.

          Аталмыш министрлік білім сапасын көтеруде үлкен жұмыстар атқарды және Қатарда үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашты.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат білім және ғылым саласындағы ауқымды ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін атап өтті. Атап айтқанда, екі елдің жетекші университеттерінде гранттар бөлу және студенттер мен оқытушылар алмасуды ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

Қатар Әмірінің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапары барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Білім және жоғары білім министрлігі арасындағы білім беру, жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарлануда.