2020 ж. 13 қазанда Қазақстанның Қатардағы Елшісі Арман Исағалиев Қатар Инвестициялық қорының «Qatar Investment Authority» Төрағасы Мансұр бен Ибрагим Әл-Махмұдпен кездесіп, екі ел арасындағы инвестициялық бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады.
Қатарлық тараптың назарына Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен ұтқырлығы туралы ақпарат жеткізіліп, бірнеше нақты жобалар талқыланды.
Сондай-ақ, қор басшысына әлеуетті жобаларды тиімді іздеу, іріктеу және іске асыру үшін Астана Халықаралық Қаржы Орталығында «Qatar Investment Authority» өкілдігін ашу ұсынылды.
Анықтама: «Qatar Investment Authority» - толығымен мемлекетке тиесілі 2005 жылы құрылған инвестициялық қор. Егеменді қорлар арасында әлемде 14-ші орынға ие. Оның міндеті мемлекеттік капиталды ел ішінде және шетелде орналастыру және басқару болып табылады.