
2020 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев Қатар Мемлекетінің Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Сұлтан бен Саад әл-Мурейхиге сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.
Кездесу барысында Министр Қазақстан Елшісін дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, қызметіне зор табыс тіледі. Қатар басшылығы Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мен тереңдетуге үлкен мән беретінін қуаттады
Өз кезегінде, А.Исағалиев Қатар Мемлекеті Қазақстан үшін маңызды және сенімді серіктесі екенін айта келе, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салатынына сендірді. Әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылап, Қатар Әмірінің Қазақстанға жоспарланған ресми сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруда бірлесіп күш жұмсауға уағдаласты.