
Жалпы мәліметтер
1993 жылы 1 шілдеде Қазақстан мен Катар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды.
Қазақстан Республикасының Дохадағы Елшілігі 2007 жылдың мамыр айында ашылды. 2020 жылғы 2 қыркүйектен бастап Қазақстанның Катардағы Елшісі – А.К. Исағалиев.
Қатар Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі 2008 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істейді. 2024 жылғы 20 мамырдан бастап Қатар Мемлекетінің Елшісі Абдулла Хусейн Мұхаммед Жабер болып табылады.
Саяси саладағы ынтымақтастық
Қазақстан-Катар қарым-қатынастары жоғары деңгейдегі белсенді байланыстармен ерекшеленеді.
2024 жылғы 6-7 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев Доха форумы конференциясына қатысу аясында Катарға жұмыс сапарымен барды.
2024 жылғы 13-14 ақпанда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапар жасады. Сапар аясында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен екіжақты келіссөз жүргізілді.
2023 жылғы 5 қазанда Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
2023 жылғы 7-8 маусымда Қатар Әмірі шейх Т.Әл Тани Астана халықаралық форумына қатысу аясында Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында екі елдің мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
2022 жылғы 12-13 қазанда Қатар Әмірі шейх Т. Әл Танидің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Сапар нәтижесінде үкіметтік және ведомствоаралық деңгейде 12 екіжақты құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Катар Әміріне Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті.
2022 жылғы 21-22 маусымда Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруымен II Катар экономикалық форумының жұмысына қатысты. Сапар барысында Қазақстан Президенті Қатар Әмірі шейх Т.Әл Танимен келіссөздер жүргізді.
2022 жылғы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті мен Қатар Әмірі телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Қазақстан Республикасының Президенті Катар Әмірін жаһандық ауқымдағы оқиғаға айналған футболдан әлем чемпионатының тамаша ұйымдастырылуымен құттықтады. Әңгімелесушілер екіжақты, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын жоғары бағалады.
Жоғары және басқа деңгейлердегі байланыстар
2024 жылғы 20 наурызда ҚР Премьер-Министрі О.Бектенов Қатарға жұмыс сапарымен барып, Қатар үкімет басшысы шейх Мұхаммед бен Әбдірахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекетінің үкіметтері арасында негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды.
2023 жылғы 20 желтоқсанда Дохада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Бақаев пен Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы А.Әл-Хаммадидің тең төрағалығымен Қазақстан-Катар саяси консультацияларының 2-ші раунды өтті. Саяси консультациялар барысында тараптар екі мемлекет басшыларының өзара сапарларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қарастырылды.
2023 жылғы 2-3 қазанда Дохада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұманғарин мен Қатар сауда және өнеркәсіп министрі шейх М.Әл Танидің тең төрағалығымен жоғары деңгейдегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысы өтті.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша екі ел делегацияларының басшылары инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, әуе қатынасы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік технологиясы, туризм, жоғары білім және медицина салаларындағы ынтымақтастық бағыттарын бекіткен хаттамаға қол қойды.
2023 жылғы 22-24 мамырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Смайылов III Катар экономикалық форумының жұмысына қатысты. Сапар барысында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен, Премьер-министр-Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммад Абдулрахман Әл Танимен, сондай-ақ Qatar Investment Authority және Power International Holding басшылығымен келіссөздер жүргізді.
2023 жылғы 15 желтоқсанда XXI Доха форумы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров Қатар Сауда және индустрия министрі шейх М.Әл Танимен және Қаржы министрі А. Әл-Куваримен кездесті.
2023 жылғы 12 желтоқсанда Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды Катарға іссапармен барып, оның барысында Катарға ет өнімдерін импорттайтын Widam Food Company және Kowkabet Al Sharq компанияларының басшыларымен кездесу өтті.
Парламентаралық ынтымақтастық
2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Катар Консультативтік кеңесі Парламентаралық достық тобының онлайн отырысын өткізді.
2024 жылғы 15 мамырда ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева Қатар Консультативтік Кеңесі Төрағасының орынбасары Хамда бинт Хасан Әл Сулейтимен кездесті. Сұхбат барысында екі елдің парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдың келешегі, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жоюдағы өңірлік мәселелер талқыланды.
2021 жылғы 14-15 желтоқсанда Дохада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары «Терроризм мен зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарларын іске асырудағы парламентарийлердің рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты». Іс-шара БҰҰ мен Еуропалық Одақтың STRIVE Asia бастамасы және UNCTC аймақтық бірлескен жобасы аясында өтті. Форум аясында қазақстандық делегация Катар Консультативтік кеңесінің (Мәжіліс әл-Шура) төрағасы Хасан Әл-Ғаниммен кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.
2019 жылғы 6-8 сәуірде Мәжіліс Төрағасы бастаған парламенттік делегация 140-Араб парламентаралық одақ жұмысына қатысу үшін Қатарға сапармен барып, оның барысында Қатар Парламент төрағасымен кездесу өткізді.
2019 жылғы 21-25 қыркүйекте Қатар Консультативтік кеңесінің Төрағасы А.Әл-Махмуд бастаған парламенттік делегация Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысып, Қазақстан Республикасының Парламентінің екі палата басшылығымен кездесулер өткізді..
Әскери ынтымақтастық
2024 жылғы 4-6 наурызда Қазақстанның ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов бастаған әскери делегация Қатар Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі Халед бен Мұхаммед Әл-Атыяның шақыруымен Катар астанасы Дохада сапармен болып, VIII Халықаралық DIMDEX-2024 көрмесіне қатысты.
2023 жылғы 12-13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов Катарға сапармен барып, оның барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі Х. Әл-Атыйямен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде екі ел үкіметтері арасында Әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
2022 жылғы 20-23 наурызда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары М.Хұсайынов «DIMDEX-2022» 7-ші халықаралық әскери-техникалық көрмесіне қатысты.
2023 жылғы 2-3 қазанда Қорғаныс министрінің орынбасары С.Камалетдинов Дохаға сапармен барды.