GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Все материалы
10 сентября 2026
Үндістандағы роуд-шоу және бизнес-форум. Өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және жаңа нарықтарды ашу мақсатында Қазақстан бизнес-делегациясының Тамилнад штатына сапары

Нью-Дели, 2026 жылғы 10 қыркүйек. Ағымдағы жылдың 6-9 қыркүйегі аралығында Қазақстанның бизнес-делегациясының Тамилнад штатының Ченнай қаласына сапары өтті. Сапарды Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының (FICCI) қолдауымен ұйымдастырды.

100-ден астам адамнан құралған қазақстандық делегацияның құрамына Сауда және интеграция министрлігінің, Қазақстанның бес облысының басшылығы, даму институттарының - «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «QazTrade» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ - өкілдері, сондай-ақ коммерциялық компаниялардың басшылары кірді.

Бағдарламаның негізгі іс-шарасы Қазақстан-Үндістан іскерлік және сауда-инвестициялық форумы болды. Пленарлық отырыс барысында қазақстандық тарап Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен сауда әлеуетін таныстырды. Сауда және интеграция вице-министрі А.Әбілдабеков екі мемлекеттің экономикаларының өзара толықтыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, тауар айналымын ұлғайтудың елеулі перспективаларына назар аударды. Өз кезегінде, облыс әкімдіктерінің басшылығы өңірлердің экономикалық әлеуетін таныстырып, Үндістанның бизнес-қоғамдастығын бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Форум аясында екі елдің іскер топтары өкілдерінің B2B кездесулері өтіп, олардың қорытындысы бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Форум шеңберінде қазақстандық делегация Тамилнад штатының Өнеркәсіп және инвестицияларды ынталандыру министрі С.Киртанамен кездесті. Тараптар бұл сапарды екіжақты әріптестіктің жаңа кезеңін ашатын тарихи қадам ретінде бағалады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде денсаулық сақтау, өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы және туризм айқындалды. Іскерлік және гуманитарлық байланыстарды жандандыру мақсатында Ченнай - Алматы бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмысты бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Форум мен келіссөздер сессияларының қорытындысы бойынша екіжақты құжаттардың ауқымды пакетіне қол қойылды:

Өңіраралық және институционалдық меморандумдар:

- Шымкент және Коимбатур қалалары арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы ниет хаты.

- Түркістан және Ченнай қалалары арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы ниет хаты.

- «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен «Guidance Tamil Nadu» агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

- «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Тамилнад штатының Туризм департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Коммерциялық және инвестициялық келісімдер (B2B):

- «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Lilavati Hospital and Research Centre медициналық холдингі арасында құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандум.

- «SP BKM» ЖШС мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші Sonalika Tractors Ltd. компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум.

- «SP BKM» ЖШС мен Big Bang Boom Solutions компаниясы арасында серіктестік орнату және бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум.

- «Blueberry Travels» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

- Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті КЕАҚ пен Saveetha University арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастық туралы келісім.

- «Eco-Dump» ЖШС мен Enhanced Biofuels & Technologies (India) Pvt Ltd компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

- «Eco-Dump» ЖШС мен Green City Biotech Pvt Ltd компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Бағдарламаның практикалық бөлігін өңірдегі негізгі өндірістік нысандар мен инновациялық орталықтарға ұйымдастырылған ауқымды технологиялық роуд-шоу толықтырды. Қазақстандық делегация ауыр техникаға арналған автоматты трансмиссиялар өндіретін «Allison Transmission India Private Limited» компаниясының заманауи құрастыру желілерімен, «Caplin Point Laboratories Limited» фармацевтикалық кешеніндегі технологиялық үдерістермен, сондай-ақ «Grundfos» компаниясының энергия тиімді сорғы жабдықтары саласындағы озық әзірлемелерімен жан-жақты танысты.

«IIT Madras Research Park» ғылыми-технологиялық паркіне барған сапарға ерекше назар аударылды. Мұнда қатысушыларға робототехника, жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер өндірісі және «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын өндірістік циклдерге енгізу салаларындағы практикалық шешімдер таныстырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға және қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асыруға кірісуге ниетті екендерін растады.

 

03 сентября 2026
Қазақстан BRICS аясындағы энергетикалық және су ынтымақтастығын ілгерілетуде

Нью-Дели, 2026 жылғы 2 қыркүйек. Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Ескараев энергетикалық қауіпсіздік пен орнықтылықты қамтамасыз етудегі BRICS басымдықтарына арналған «BRICS Energy Partnerships for Progress and Prosperity» дипломатиялық диалогына қатысты. Іс-шараға BRICS-ке қатысушы мемлекеттер мен серіктес елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Үндістанның сарапшылық және академиялық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Талқылау барысында BRICS аясындағы энергетикалық ынтымақтастықтың перспективалары, жаңартылатын энергетиканы, сыни минералдарды, заманауи энергетикалық технологияларды, инфрақұрылым мен инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Жеткізу тізбектерінің орнықтылығын нығайту, жаңа энергетикалық және көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ BRICS-ке қатысушы және серіктес мемлекеттер арасындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Өз сөзінде Елші Ескараев орнықты әрі инклюзивті энергетикалық жүйені қалыптастырудағы BRICS-тің рөліне қатысты Қазақстанның ұстанымын таныстырып, Қазақстанның дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, сыни минералдар салаларындағы әлеуетіне, сондай-ақ Еуразиялық көлік-энергетикалық байланыстылықты дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ80 реформалау процесі шеңберінде БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы жеке атап өтілді. Энергетикалық, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерінің өзара тығыз байланысты екені, ал су ресурстарына түсіп отырған қысымның күшеюі халықаралық үйлестіруді нығайтуды талап ететіні атап көрсетілді. Қазақстанның бастамасы қолданыстағы халықаралық күш-жігерді шоғырландыруға, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және жаһандық су күн тәртібіне қажетті саяси назар аударуға бағытталған.

Аталған іс-шараға қатысу және серіктестік формат аясындағы ынтымақтастықты талқылау Қазақстан делегациясының ү.ж. 12–13 қыркүйекте Нью-Дели қаласында өтетін BRICS саммитіне қатысуы қарсаңында айрықша өзекті болып табылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның басымдықтарын айқындауға және бірлестік күн тәртібінің мазмұндық тұрғыдан толығуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

28 августа 2026
Үндістан сарапшылары Құрылтай сайлауының қорытындыларын құптады

Нью-Дели, 2026 жылғы 27 тамыз - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігі «MERI Centre for International Studies» орталығымен бірлесіп, 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Қазақстан мен Үндістанның дипломатиялық, академиялық және сарапшылық қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Талқылау барысында сайлау қорытындылары, олардың Қазақстанның саяси жаңғыруы тұрғысындағы маңызы, сондай-ақ елдің саяси жүйесін одан әрі дамыту перспективалары бойынша пікір алмасу өтті.

Дөңгелек үстелді «MERI Centre for International Studies» басшысы және «India Central Asia Foundation» директоры, профессор Рамакант Двиведи жүргізді. Қатысушыларға «MERI Group of Institutions» вице-президенті, профессор Лалит Аггарвал құттықтау сөзін арнады.

Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Дархан Сейтенов Құрылтай сайлауының негізгі қорытындыларын таныстырып, олардың Қазақстанның саяси институттарын одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті.

Сараптамалық пікірталасқа Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Ашок Кумар Шарма, Үндістан СІМ басшысының бұрынғы орынбасары Гитеш Шарма, ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Аида Ермекқалиева, Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің докторы Радж Кумар Шарма, Джавахарлал Неру атындағы университеттің Халықаралық зерттеулер мектебінің докторы Прамод Кумар, сондай-ақ ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы С.Савельев қатысты.

Талқылау барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық өзгерістерге, партиялық жүйені дамытуға, өкілді институттарды нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Қатысушылар сондай-ақ өткен сайлаудың Қазақстанның саяси институттарын одан әрі жетілдірудегі маңызы жөнінде пікір алмасып, қазіргі қоғамдық сұраныстарды ескере отырып, реформаларды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан мен Үндістан арасындағы сараптамалық және академиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды. Қатысушылар екі елдің талдау орталықтары, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы тұрақты диалогты қолдаудың өзара түсіністікті нығайту және қазақстандық-үндістандық қатынастарды одан әрі дамытудағы маңызды фактор екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел Қазақстанның саяси дамуының өзекті мәселелері мен оның Орталық Азиядағы рөлі жөніндегі сараптамалық пікір алмасу үшін мазмұнды алаңға айналды.

Анықтама: «MERI Centre for International Studies» – Нью-Делиде орналасқан, халықаралық қатынастар, сыртқы саясат, геосаясат және өңірлік процестер мәселелері бойынша зерттеулер жүргізетін тәуелсіз зерттеу және талдау орталығы. Орталық Үндістан мен шет елдердің ғылыми қоғамдастықтары, дипломатиялық ортасы және талдау орталықтарының өкілдерін біріктіре отырып, сараптамалық және академиялық диалог үшін алаң болып табылады.

12 августа 2026
Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпараттық хабарлама

ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!

2026 жылғы 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігінің ғимаратында орналасқан №420 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігі жанындағы №420 сайлау учаскесіндегі дауыс беретін азаматтардың тізіміне болу елінде уақытша немесе тұрақты тұратын және қолданыстағы Қазақстан Республикасы азаматының паспорты бар барлық азаматтар енгізіледі.

Дауыс беру күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты немесе жеке куәлігі немесе олардың eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық нұсқасы болуы қажет.

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Сіздерді дауыс беретін азаматтардың тізіміне енгізу үшін Үндістан Республикасы аумағындағы әрбір Қазақстан Республикасының азаматы өзіне қатысты деректерді (аты-жөні, ЖСН, туған жылы, тұратын мекенжайы, байланыс деректері, электрондық пошта мекенжайы) consul.kazembassy@gmail.com электрондық поштасына «Құрылтай сайлауы» белгісімен алдын ала жіберу қажет.

Қосымша сұрақтарыңыз туындаған жағдайда келесі телефон нөміріне хабарласуды сұраймыз: +91 45 55 5106

04 августа 2026
Comic Con Astana 2026 әлемнің түрлі елдерінен келетін поп-мәдениет жанкүйерлерін біріктіреді

2026 жылғы 6–9 тамыз аралығында Астанада Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық поп-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 өтеді. Іс-шара кино, сериал, комикс, аниме, бейнеойын және косплей жанкүйерлерін, сондай-ақ креативті индустрия өкілдерін, суретшілерді, ойын әзірлеушілерін және түрлі елдерден келетін қонақтарды бір алаңға жинайды.

Фестиваль бағдарламасына шетелдік және қазақстандық жұлдыздармен кездесулер, қолтаңба және фотосессиялар, косплей байқауы, ойын турнирлері, көрме аймақтары, авторлар аллеясы, жаңа жобалардың таныстырылымдары, шеберлік сабақтары, панельдік пікірталастар және барлық жас санатына арналған интерактивті іс-шаралар енеді.

Comic Con Astana шығармашылық қауымдастықтың дамуына, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы креативті индустриялардың әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Сонымен қатар фестиваль елдің туристік тартымдылығын арттыруға және жас таланттарды қолдауға өз үлесін қосып келеді.

Фестиваль бағдарламасы, арнайы қонақтар және билеттер туралы толық ақпарат Comic Con Astana-ның ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.

04 августа 2026
Марат Бисенғалиевтің Үндістанның симфониялық оркестрімен бірлескен концерті Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени диалогтың жарқын көрінісі болды

Мумбай қаласында Қазақстанның әлемге танымал скрипкашысы әрі дирижері Марат Бисенғалиевтің қатысуымен Үндістанның симфониялық оркестрі (Symphony Orchestra of India) сүйемелдеуімен концерт өтті.

Музыкалық кеш Үндістанның мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болып, Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Концерттің ерекше маңыздылығы – Қазақстан мен Үндістан музыканттарының бірлескен өнер көрсетуінде болды. Бұл екі елдің шығармашылық өзара іс-қимылын, кәсіби шеберлігін және мәдени дәстүрлерге деген өзара құрметін көрсетті.

Бағдарлама әлемдік классикалық музыканың үздік үлгілерін ұсынып, өнердің халықтар арасындағы түсіністік пен достықты нығайтатын әмбебап тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Концертке мәдениет саласының өкілдері, дипломатиялық қауымдастық мүшелері және классикалық музыка әуесқойлары қатысты. Аталған шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени дипломатияны дамытуға, шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосты.

 

30 июля 2026
Қазақстан Үндістанның шығыс өңірімен іскерлік байланыстарын нығайтуда

Калькутта, 2026 жылғы 28–29 шілде – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Калькутта қаласына (Батыс Бенгалия штаты) сапармен барып, оның аясында штат басшылығымен, өңірдің іскер топтарының өкілдерімен және жетекші бизнес қауымдастықтарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, сапар барысында Елші Батыс Бенгалия штатының Губернаторы Равиндра Нараяна Равимен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-үнді ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен аталған штат арасындағы өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, А.Есқараев «Khobong Tea Estate» (шай өндірісі), «Ambuja Neotia» (денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі және білім беру), «Delta» (минералдық шикізат және тоқыма өнеркәсібі), «Mortex Group» (ферроқорытпа өндірісі), «JC Group» (тері өнеркәсібі) және басқа да өңірдің жетекші жеке компанияларының басшыларымен бірқатар келіссөздер өткізді. Талқылаулар барысында үнді өнімдерінің Қазақстан нарығына экспортын нығайту және Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сапар шеңберінде Қазақстан дипмиссиясының басшысы, сондай-ақ, Merchants' Chamber of Commerce & Industry (MCCI) Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған интерактивті сессияға қатысып, Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды. Іс-шара барысында Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері бойынша презентация жасалып, еліміздің туристік әлеуеті туралы бейнематериалдар көрсетілді, сондай-ақ Палата мүшелерімен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.

А.Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі қазақстандық нарыққа шығуға мүдделі үнді компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде консультациялық көмек көрсетуге, мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға және инвестициялық бастамаларды сүйемелдеуге дайын екенін растады.

Анықтама: Батыс Бенгалия – Үндістанның жетекші штаттардың бірі. Бенгал шығанағына шығатын, өнеркәсіп, қызмет көрсету және логистика салалары жоғары дамыған ірі өңір болып табылады. Халқы шамамен 100,6 млн адамды құрайды. Қолданыстағы бюджеттік циклге сәйкес штаттың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) шамамен 254 млрд АҚШ долларын құрайды. ЖӨӨ өсімі ағымдағы бағамен 12,0% (номиналды өсім), ал тұрақты бағамен 7,62% (нақты өсім) деңгейінде тіркеліп, Үндістан бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша Батыс Бенгалия Үндістан штаттары арасында тұрақты түрде 6-орында келеді.

17 июля 2026
Үндістанның Тамилнад штатымен ынтымақтастықты дамыту туралы

Нью-Дели, 2026 жылғы 15 шілде. Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Ченнай қаласына (Тамилнад штаты) жұмыс сапарымен барды.

Штаттың Бас министрі Ч.Д. Виджаймен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Елші Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, Тамилнад компанияларын Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Үндістан тарапы, ең алдымен, машина жасау, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

2026 жылдың қыркүйегінде Ченнай қаласында өтетін Қазақстан-Үндістан іскерлік сауда-инвестициялық форумына дайындыққа ерекше назар аударылды. Қазақстанның ірі бизнес-делегациясының қатысуы жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретіні және екіжақты экономикалық байланыстардың дамуына қосымша серпін беретіні атап өтілді.

Сапар аясында Елші штаттың жетекші компанияларының басшыларымен және Оңтүстік Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палатасының (SICCI) өкілдерімен кездесулер өткізіп, оларды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен, қолданыстағы преференциялармен және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарымен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы энергетика және өнеркәсіптік автоматтандыру саласында жұмыс істейтін «Voltech Engineers Pvt. Ltd.» компаниясының өндірістік алаңында болып қайтты. Компания Алматыдағы кеңсесі арқылы Қазақстанда жұмыс істеуде, ел аумағында жобаларды жүзеге асырады және қазақстандық нарықтағы қызметін одан әрі кеңейту жоспарларын растады.

Жалпы, сапар Тамилнад штатының басшылығымен және өңірдің жетекші компанияларымен өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ қазақстандық инвестициялық мүмкіндіктерді ілгерілетуге және бірлескен экономикалық іс-шараларды дайындауға қосымша серпін беруге мүмкіндік берді.

Анықтама: Тамилнад штаты — Үндістанның оңтүстігінде орналасқан, ең дамыған өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Халқы 79 млн-ға жуық. Штаттың экономикасы Үндістандағы ең ірі экономикалардың бірі және жоғары деңгейдегі индустрияландырумен ерекшеленеді. Негізгі салалар - автомобиль жасау, машина жасау, электроника, ақпараттық технологиялар, тоқыма өнеркәсібі, энергетика және денсаулық сақтау.

 

01 июля 2026
Қазақстан мен Үндістан аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуда

Нью-Дели, 2026 жылғы 1 шілде - 2026 жылғы 29-30 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Гуджарат штатына жұмыс сапарымен барып, өңір басшылығымен және Үндістанның жетекші компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Штаттың Бас министрі Бхупендрабхай Пателмен өткен келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, Алматы – Ахмедабад – Алматы бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу, Қазақстан аумағында фармацевтика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру.

Штат Губернаторы Ачарья Деввратпен өткен кездесуде агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, қазақстандық тарап 2027 жылғы қаңтарда өтетін «Vibrant Gujarat Global Summit 2027» саммитіне қатысуға шақыру алды.

«Adani Group» көпсалалы конгломератының басшылығымен өткен келіссөздер мазмұнды әрі нәтижелі болды. Үндістандық бизнес өкілдері Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық білдіріп, олардың пікірінше, компанияның Қазақстанға салуы мүмкін инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 5 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Қарастырылып отырған жобалардың қатарында ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру, Екібастұз қаласында көмірмен жұмыс істейтін электр станциясын салу, сондай-ақ заманауи деректерді өңдеу орталығын (DATA center) құру бар.

Сонымен қатар, Елші штаттың жетекші іскерлік қауымдастықтары мен сауда-өнеркәсіп палаталарының (ICC, FICCI және GCCI) өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Сапардың мәдени бағдарламасы Ұлттық домбыра күніне орай дайындалған тақырыптық бейнероликтің көрсетілімімен толықтырылды. Шетелдік аудиторияға Ұлы дала мен Алтын Орданың бай тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі таныстырылып, сондай-ақ осы көне музыкалық аспаптың қазақ халқы үшін киелі әрі рухани мәні кеңінен ашып көрсетілді.

Анықтама: Гуджарат - Үндістанның батысында орналасқан елдің басты экономикалық локомотивтерінің бірі. Халқы шамамен 74,3 млн. адамды құрайтын штаттың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 2026-2027 қаржы жылында 350 млрд. АҚШ долларына жетеді деп болжануда, ал жыл сайынғы өсім қарқыны 10%-дан жоғары болады.

Өңір экономикасының басты ерекшелігі – жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) шамамен 44%-ын құрайтын өнеркәсіп секторының жоғары үлесі. Өнеркәсіптің негізгі салаларын мұнай-химия, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі құрайды. Сонымен қатар, Сурат қаласы әлемдік алмас өңдеу индустриясында жетекші орынға ие, мұнда әлемдегі алмаздардың 90%-ға дейініне өңдеу және қырлау жұмыстары жүргізіледі.

01 июля 2026
Домбыра – қазақ халқының мәңгілік рухани мұрасы

Домбыра – қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетін айшықтайтын қасиетті музыкалық аспап. Сан ғасырлық тарихы бар бұл аспап ұлттың рухани қазынасын, тарихи жадын және дәстүрлі күй өнерін бүгінгі күнге дейін жеткізген баға жетпес мұра болып саналады.

Ғылыми және археологиялық зерттеулерге сәйкес, домбыра тектес аспаптар Еуразия кеңістігінде бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Түркі халықтарының алтын бесігі саналатын Алтай өңірі домбыраның тарихи отаны ретінде қарастырылады. Белгілі ғалым Ахмет Жұбанов домбыраны қазақ даласының ең қастерлі музыкалық аспабы деп бағалап, оның үні халықтың жан дүниесі мен тарихын бейнелейтінін атап өткен.

Домбыра екі ішекті, көп пернелі шертпелі аспап болып табылады. Оның негізгі бөліктеріне басы, құлағы, мойны, пернелері, шанағы, бетқақпағы және тиегі жатады. Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан домбыра үлгілері жергілікті дәстүрге, орындаушылық мектепке және шеберлердің қолтаңбасына қарай ерекшеленеді.

Қазақтың дәстүрлі күй өнері домбырамен тығыз байланысты. XIX ғасырда төкпе және шертпе күй мектептері кеңінен дамып, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Сүгір және басқа да көрнекті күйшілер ұлттық музыка өнерінің алтын қорын қалыптастырды.

Бүгінде домбыра – Қазақстанның мәдени брендіне айналған ұлттық құндылық. Оның үні кәсіби сахналарда, халықаралық фестивальдерде және әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен насихатталып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын жаһан жұртшылығына танытып келеді.

Социальные сети
Embassy of Kazakhstan in India
Embassy of Kazakhstan in India
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары