
ҚР Үндістандағы Елшісі Е.Әлімбаев ү.ж. 21 мамырда «Орталық Азия және COVID-19: денсаулық сақтау, экономика, инфрақұрылым және т.б.» тақырыбындағы вебинарға қатысты. Іс-шараны ұйымдастырған «Ananta Aspen» орталығы – маңызды халықаралық мәселелер бойынша ашық диалогқа шоғырланатын коммерциялық емес ұйым.
Қазақстандық дипломатпен қатар бас спикер Дж.Неру Университетінің Ресейді және Орта Азияны зерттеу орталығының профессоры С.Пандей болды. Іс-шараны Үндістанның Қазақстан, Швеция және Латвиядағы бұрынғы Елшісі доктор А.Саджанхар жүргізді.
Онлайн-пікірталас барысында Елші Е.Әлімбаев пандемияға қарсы күрестегі қазақстандық тәжірибе және COVID-19 экономикалық салдарын жеңудегі мемлекеттің рөлі туралы айтып берді. Қазақ дипломаты ҚР Үкіметінің коронавирустық кезеңнен кейінгі экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларына егжей-тегжейлі тоқталып, аудиторияны қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараның барлық қатысушылары дерлік ақпарат пен пікір алмасу пандемия салдарын еңсерудің дұрыс тәсілдерін табуға көмектеседі деген ортақ пікірде болды. 110 адам қатысқан вебинар жергілікті сарапшылар қауымдастығы мен дипломатиялық корпустың үлкен қызығушылығын тудырды.