
Қазақтың ұлы ақыны, философ, композитор және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175-жылдығын мерекелеу аясында 2020 жылғы 14 ақпанда Үндістандағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен «Панчшил балак» колледжінің оқушылар хоры Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ тілінде орындады.
Іс-шарада сөз алған Қазақстан Елшісі Ерлан Әлімбаев оқушыларға Абайдың шығармашылығы мен оның отандық және әлемдік әдебиеттегі маңызы туралы айтып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы туралы баяндап берді. Қазақстан Елшісі Дели қаласының орталық көшелерінің бірі қазақ ақынының құрметіне аталғанын айта келе, жақын арада Үндістан елордасында Абайға ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда екенін жеткізді.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат елімізде жастарды қолдау мен ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Салтанатты іс-шараға қатысқан барлық оқушыларға естелік кәдесыйлар мен алғыс хаттар табыс етілді. Бұл іс-шара Абайдың 175-жылдығын Үндістанда тойлаудың алғашқыларының бірі болды.