Үндістан аумағындағы Қазақстан азаматтарының назарына!

Үндістан аумағындағы Қазақстан азаматтарының назарына!

2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасында онлайн форматта ұлттық халық санағы жүргізіледі.


Халық санағы дегеніміз не және не үшін қажет?

  Халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау (респонденттерге жаппай сауал салу арқылы), өңдеу және алынған ақпаратты, статистикалық көрсеткіштер жүйесін және олардың талдауын қалыптастыру, халық туралы агрегатталған (иесіздендірілген жиынтық) деректерді бағалау және тарату процесін қамтитын арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау.

Халық санағының қорытындылары жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өзгерістер сияқты халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.

Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет.

 

Халық санағына кімдер қатысады?

Қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзіммен шетелде тұрып жатқан немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда) және 12 айдан аз мерзімге шетелге уақытша іссапарға, келісімшарттар бойынша жұмыс істеу, оқу (елде болмау мерзіміне қарамастан "Болашақ" халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды қоса алғанда) мақсаттарымен шыққан Қазақстан азаматтары.

 

Халық санағына қалай қатысуға болады?

Респонденттер 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 15 қазанына дейін www.sanaq.gov.kz парақшасында санақ бланкілерін электронды түрде толтыру арқылы халық санағына қатысады.

Ғаламтор арқылы санақ жүргізу кезінде респонденттер www.sanaq.gov.kz веб-парақшасына тіркелуі керек.

Тіркелгеннен кейін респонденттер үшін санақ парақтарының электронды нұсқалары қолжетімді болады, оларды толтыру қажет.

Толтырылған санақ парақтары автоматты түрде санақ базасына түседі.

Онлайн-қатысу үшін техникалық мүмкіндіктер болмаған жағдайда азаматтар 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігіне (Нью-дели қ., Vasant Vihar F6/7) бара алады.

Сайтта тіркелу және санақ парақтарын толтыру бойынша бейне нұсқаулықтармен келесі сілтеме арқылы танысуға болады - https://sanaq.gov.kz/#instructions

 

Ұлттық халық санақтан өту бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Елшіліктің Консулдық бөліміне қоңырау шалуды сұраймыз:

+91 11 45555106, +919205776917.