GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Все материалы
24 сентября 2026
2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұттық аза тұту күні болып жарияланды

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. 

24 августа 2026
Каир қаласында орналасқан №415 учаскелік сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын өткізу жөніндегі жұмысын аяқтады.

Каир, 2026 жылғы 23 тамыз – Каир қаласында орналасқан №415 учаскелік сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын өткізу жөніндегі жұмысын аяқтады.
Дауыс беру ұйымдасқан түрде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға толық сәйкес өткізілді.

23 августа 2026
Каир қаласындағы №415 сайлау учаскесінде алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасап үлгерді.

Каир қаласындағы №415 сайлау учаскесінде алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасап үлгерді.

23 августа 2026
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізу аясында Каир қаласында орналасқан №415 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын бастады.

Каир, 2026 жылғы 23 тамыз – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізу аясында Каир қаласында орналасқан №415 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын бастады.

Мысыр аумағында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беруге қатысып, еліміздің болашағы үшін маңызды осы мәселе бойынша өз ұстанымдарын білдіре алады.

Дауыс беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізіліп, сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін ашықтығы, жариялылығы және қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

04 июня 2026
Мысырда киноиндустрия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

Каир, 2026 жылғы 2 маусым — Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жеңіс араб әлемінің аңызға айналған өнер майталманы және Мысыр киносының символы, жыл сайын өтетін өңірдегі басты кинофестивалдердің бірі болып табылатын «Каир Халықаралық кинофестивалінің» президенті Хуссейн Фахмимен кездесті.

Кездесудің басты тақырыбы бүкіл араб әлемінің кино индустриясының орталығы саналатын Мысырдың аталған саласымен қазақстандық кино саласы арасындағы байланысты нығайтуды талқылау болды.

А.Жеңіс өз кезегінде, отандық кино индустрияның соңғы жылдардағы серпінді дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Атап айтқанда, отандық кино саласының халықаралық аренада мойындалып, әлемдік деңгейдегі туындылармен бәсекелесе алатын деңгейге жеткенін, сондай-ақ Қазақстанның бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыруға техникалық та, шығармашылық та тұрғыдан толық дайын екенін жеткізді.

Оған қоса, ол еліміздің табиғаты кез келген тарихи және заманауи фильмдерді түсіруге таптырмас ерекше мекен екеніне назар аударып, мысырлық  тарапты еліміздің осы бірегей ландшафтық байлығын жаңа шығармашылық бағыт ретінде ашуға және бірлескен жобалар аясында Қазақстанды кино түсірудің жаңа алаңы ретінде қарастыруға шақырды.

Х.Фахми Қазақстанды кино саласындағы жаңа серіктес ретінде қарастыруға зор ықылас білдіре отырып, ү.ж. 11-20 қараша аралығында 47-ші рет ұйымдастырылатын беделді Каир халықаралық кинофестиваліне қазақстандық кино компанияларын қатысуға және оның төраға алқасына еліміздің киноиндустрия саласының беделді өкілдерінің бірін мүше болуға шақырды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар екі мемлекеттің кино саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мақсатында тұрақты байланыс орнату туралы келісімге келді және жоспарланған мәдени жобаларды жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама: Мысырдың кино саласы - жергілікті мәдениет пен экономиканың  басты бағыттарының бірі болып табылады. Ең алғаш рет Александрияда жүйелі киноөндіріс 1927 жылы басталған, ал 1935 жылы Каирде негізі қаланған әйгілі «Studio Misr» павильоны Таяу Шығыстағы кино өндірісінің қара шаңырағына айналған. Өткен ғасырдың басында-ақ өркендей бастаған Мысыр кинематографиясы өз заманында «Шығыс Голливуды» деген ерекше мәртебеге ие болған. Мысырдың кино саласындағы бай тәжірибесі бүгінде Франция, АҚШ және т.б. сияқты елдермен қатар әлемдік деңгейде өзіндік орынға ие және өнер ұжымдары үшін классикалық мектеп және сарқылмас қазына болып табылады.

 

26 мая 2026
Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы əлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан өтінім қабылдауды бастады

Astana AI Film Festival фестивалінің ресми сайты aaiff.ai əлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан халықаралық AI-фильмдер байқауына қатысуға өтінім қабылдауды бастады. Астанада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы, байқау бағдарламасы жəне іске қосу кезеңі таныстырылды.

Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жəлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция жəне үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция жəне кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.

Байқаудың негізгі талабы — фильмнің full AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни, жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны жасаудың негізгі инструменті ретінде қолданылуы тиіс.

«Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week — жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мəртебесін күшейтеді», — деді Алмас Жəли.

Байқауға қатысу тегін жəне жас ерекшелігіне немесе кəсіби тəжірибесіне қарамастан барша ниет білдірушілерге ашық. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм əзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеуі қажет.

«Өтінім фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады. Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп,  сілтемесін  көрсету  немесе  Google  Drive  сервисіне ж ү к т е п , с і л т е м е с і н ж о л д а у . Б а р л ы қ ө т і н і м д е р ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі жəне жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мəртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ», — деді жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн.

YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні жəне #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі тиіс.

Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 жəне ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады. Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық жəне creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рəсімі Astana AI Week аясында Астана қаласында өтеді.

Аталмыш жоба - жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық фестиваль. Алаң авторларды, digital-креаторларды, технологиялық компаниялар өкілдерін, сарапшылар мен инвесторларды біріктіреді. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды.

Фестиваль аясында көрсетілімдер, AI-контентке арналған конференция, панельдік пікірталастар, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған pitch-сессиялар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізіп, оны AI-кино мен цифрлық шығармашылықтың жаңа бағыттарын дамытуға арналған тұрақты халықаралық платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.

Фестивальдің ресми сайты: aaiff.ai

21 мая 2026
Қазақстан мен Мысыр конфессияаралық диалог және теологиялық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Каир, 2026 жылғы 18 мамыр - Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті. Кездесу барысында 2025 ж. 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIIІ Съезінің қорытындыларын талқылай келе, Қазақстан басшылығының Әл-Азхар аш-Шарифпен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға аса мән беретіндігіне назар аударылды.

Әл-Азхардың Бас имамы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында Астанада өткен кезекті VIII Съез жұмысының нәтижесі еліміздің жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету және нығайту бағытында маңызды рөлге ие болғандығын атап өтті. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуді әрқашан қолдайтындығын және дінаралық диалог пен келісімді насихаттау бағытында оның жұмыстарына тұрақты қатысуларын жалғастыратындықтарын мәлім етті.

Шейх А.ат-Тайеб Съез шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Мысыр делегациясын қабылдағанына ерекше назар аударып, бұл кездесу Әл-Азхардың Қазақстанмен ынтымақтастығына қосымша мықты серпін бергендігін қуанышпен атап өтті.

А.Жеңіс Қазақстанда соңғы уақыттарда орын алып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы баяндады. Атап айтқанда, жаңа Конституция 2026 ж. 15 наурызда өткен жалпыұлттық республикалық референдумда қабылданғандығын, жаңа Конституциялық реформаларға сәйкес елімізде Құрылтай депутаттарын сайлауы өтетіндігін, мемлекет жүйесіне Вице-президент лауазымы енгізілетінін, Халық кеңесі құрылатынын және басқа да елімізде өтіп жатқан маңызды саяси іс-шаралар туралы айтып берді.

Әл-Азхардың шейхі бауырлас Қазақстанға ерекше жылы сезіммен қарайтынына назар аударып, қазақ еліндегі ауқымды саяси реформалар ел халқының игілігіне және бұл өзгерістер Қазақстанның одан әрі гүлденіп, әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың берік негізіне айналу жолындағы маңызды қадам болуына шынайы тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, жұмыс кестесіне ыңғайлы уақытта Астанаға жұмыс сапармен баруға дайын екендігін мәлімдеді.

Қазақстан Елшісі Әл-Азхардың Бас имамы, шейх Ахмед ат-Тайебтің мерейлі 80 жасқа толуымен Қазақстан басшылығының атынан құттықтай отырып, дәстүрімізге сай Әл-Азхар шейхінің иығына шапан жапты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы Съез жұмыстары аясында және теологиялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екендіктерін қуаттады.

18 мая 2026
Мысырда қазақстандық туристердің құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Шарм аш-Шейх, 2026 жылғы 10 мамыр — Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс Оңтүстік Синайдың жаңадан тағайындалған губернаторы Исмаил Камалмен кездеті.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, оның ішінде өңіраралық деңгейдегі өзара іс-қимылды талқылады.

Тараптар туристік саладағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Бұл ретте Шарм-эш-Шейхке қазақстандық туристердің айтарлықтай ағыны және мысырлық тараптың олардың демалысы үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүдделілігі аталып өтті.

Кездесу барысында Оңтүстік Синайға келетін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау және оларға консулдық-құқықтық қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және барлық талқыланған бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.

18 мая 2026
🎬Astana AI Film Festival: халықаралық байқауға өтінім қабылдау басталады

Қазақстанда жасанды интеллектті пайдалана отырып түсірілген фильмдерге арналған алғашқы халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) кинофестивалі өтеді. Елордада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы мен өтінім қабылдау тәртібі таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі оқиғасы жасанды интеллектпен әзірленген қысқаметражды фильмдердің халықаралық байқауы болмақ. Оған әлем елдерінің креаторлары тәжірибесіне де, кәсіби студиясының бар-жоғына да қарамастан қатыса алады.
«Astana AI Film Festival креативті индустриядағы жыл сайынғы маңызды оқиғаға әрі жаңа форматтар мен жаңа есімдерге арналған тұрақты халықаралық алаңға айналады деп күтілуде. Бұл ретте қатысу барлық ниет білдірушілер үшін ашық: өтінімдер командалардан да, жеке креаторлардан да қабылданады», - деді фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, Ozen компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн.
Өтінім қабылдау 2026 жылдың мамыр айында басталады. Туындыны фестивальдің ресми сайты арқылы жолдауға болады.
«Байқау шарттарына сәйкес, қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге фестивальдің лендинг-платформасына жүктеуі тиіс. Өтінімдер мамыр айынан тамыз айының соңына дейін қабылданады», - деп атап өтті фестиваль ұйымдастырушысы, Brave Talents компаниясының жетекшісі Алмас Жали.
Еске сала кетейік, Astana AI Film Festival 2026 жылдың күзінде өтеді. Фестиваль киноиндустрия мен AI-технологиялардың тоғысындағы жобаларға арналған алаңға айналып, авторлардың, digital-креаторлардың, технологиялық компания өкілдерінің, сарапшылар мен инвесторлардың басын қосады.
Өз сегментіндегі ең ірі фестивальдердің біріне айналуды көздейтін жобаның жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба демеушілік және серіктестік қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.
Фестиваль аясында көрсетілімдер, AI-контентке арналған конференция, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған питч-сессиялар өткізу жоспарланған.

18 мая 2026
Мысырда Асқар Мусиновтың кітабының тұсаукесері өтті

Каир, 2026 жылғы 9 сәуір — Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен көрнекті дипломат Асқар Мусиновтың «Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Таяу және Орта Шығыс» атты кітабының араб тіліндегі басылымының тұсаукесері тарихи және әлемге танымал Каир университетінде өтті.

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс кітаптың тұсаукесер рәсіміндегі өзінің кіріспе сөзінде Асқар Мусиновтың қазақ дипломатиясындағы алатын орны мен жас ұрпаққа қалдырған өшпес еңбегі туралы айтты.

Сондай-ақ Қазақстан мен Мысыр арасындағы қатынастардағы өзекті мәселелерге тоқталып, оны тереңірек дамытудағы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Іс-шараға арнайы келген қонақтарға өзінің алғысын білдірді.  

Салтанатты іс-шараға қазақ дипломатиясының беделді тұлғалары, АӨСШК Бас хатшысы Қ.Сарыбай мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің Кеңесшісі, Елші Б.Батыршаев Сыртқы саяси мекеме басшысының жеке тапсырмасына орай қатысты.

Қ.Сарыбай өзінің сөзінде А.Мусиновтың өмірбаянына тоқталып өтіп, оның Қазақстанның араб мемлекеттерімен қатынасының дамуына қосқан зор үлесін айтты.

Министрдің Кеңесшісі Б.Батыршаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің арнайы жолдаған сәлемдемесін жеткізіп, А.Мусиновтың еңбек жолына тереңірек тоқталды. 

Сондай-ақ, аталған шара барысында АҚИҰ Бас директоры Б.Арынның жолдаған сәлемдеме бейне ролигі көрермен назарына ұсынылды. Өзінің сәлемдемесінде ол  А.Мусиновтың Ислам әлеміндегі атқарған еңбегі туралы айтып, жалпы өмірбаянынан маңызды сәттеріне шолу жасады. 

Мысырлық тараптан қатысқан құрметті қонақтардың арасында араб әлемінің көрнекті саясаткері, Мысырдың бұрынғы Сыртқы істер министрі әрі Араб мемлекеттері Лигасының экс-Бас хатшысы Амр Мұса болды және ол ресми шарада кітаптың тұсауын кесу мәртебесін иеленді.  

Сонымен қатар, шараға қатысқан МАР бұрынғы Сыртқы істер министрі  Мохаммед әл-Ораби қазіргі таңда өзекті мәселелерді қамтыған кітапты араб тіліне аудару бойынша атқарылған ауқымды жұмысты атап өтіп, әрбір Таяу Шығыс тақырыбына қызығушылық танытатын зерттеуші мен ғалымдарға таптырмас мұра екенін айтты.  

Бұрынғы Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары және қазіргі таңда Мысырдың Сыртқы істер жөніндегі кеңестің директоры Елші Еззат Саад әл-Сайед өзінің сөзінде А.Мусиновтың 1999-2002 жж. аралығында Мысырда Елші қызметін атқарған кезеңдегі еңбегіне тереңірек тоқталып, екі ел арасындағы саси маңызды оқиғалардағы атқарған рөлін жоғары бағалады.  

Қызыл теңіз провинциясының бұрынғы губернаторы және қазіргі таңдағы Қазақстан-Мысыр достық Қауымдастығының Төрағасы Ахмед Абдуллах та автордың елдер арасындағы қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесін айтты.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстаннан арнайы келген Елші А.Мусиновтың отбасы Елшіліктің кітапты аудару бойынша атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, қатысқан құрметті қонақтарға өздерінің кәде-сыйлықтарын табыстады. Тұсаукесер аясында көрермендерге А.Мусиновтың өмімбаяны туралы бейне фильм ұсынылды. 

Сонымен қатар іс-шараға қатысқан қонақтарың арасында Мысырда аккредиттелген шетелдік Елшілер, жергілікті жазушылар, саясаткерлер  мен БАҚ өкілдері болды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары