
Каир, Мысыр, 2025 жылғы 18 ақпан - Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы жаңа Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жеңіс штаб-пәтері Каирде орналасқан Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) Бас Хатшысы Ахмед Әбулғейтпен кездесіп, оған Қазақстан Республикасының Араб мемлекеттері лигасы жанындағы Тұрақты өкілі ретінде сенім грамоталарын табыс етті.
Араб мемлекеттері лигасы – Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы барлық араб мемлекеттерін біріктерін ірі және беделді халықаралық ұйым болып табылады. 2009 жылғы шілдеде Қазақстан бұл Ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие болды.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларды талқылады. Өз кезегінде Қазақстан Елшісі 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумға қатысу туралы АМЛ Бас Хатшысы А. Әбулғейтке жолданған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Нұртілеудің шақыру хатын, сондай-ақ ү.ж. 17-18 қыркүйекте Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIIІ Съезіне қатысу үшін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың шақыру хатын табыстады.