
Каир, 2024 жылғы 10 қараша – Қазақстанның Каирдегі Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың жаңадан тағайындалған Әлеуметтік ынтымақтастық министрі Майя Мурсимен кездесіп, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың құттықтау хатын табыс етті. Онда министр С.Жақыпова бауырлас елдеріміз арасында қалыптасқан тиімді серіктестікті жоғары бағалайтынын және өзара іс-қимылдың одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.
Екі жақты сұхбат барысында қазақстандық дипломат алдағы 2025 ж. Астанада өткізілуі жоспарланып отырған Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссияның 6-шы бірлескен отырысының күн тәртібімен таныстырды. Өз кезегінде Мысырдың Әлеуметтік ынтымақтастық министрі М.Мурси бұл үрдіске белсене ат салысатынын жеткізіп, «Ынтымақтастық және абырой» («Такафул уа Карама») атты Мысырдың әлеуметтік қорғау жүйесі туралы мағлұматтар берді.
Сонымен қатар, кездесу аясында мысырлық тарап Қазақстанда отбасының цифрлық картасы арқылы жыл басынан бастап 202 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілгені, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы оңалту орталықтары мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолданатындығы туралы ақпараттандырлды.
Анықтама: доктор Майя Мурси 2023-24 жылдарға БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің мүшесі болып тағайындалған. Қазір Араб әйелдері ұйымының Жоғарғы Кеңесінің басшысы - Ислам ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің әйелдерді дамыту ұйымының атқарушы бюросының төрайымы қызметін де атқарады.