
Каир, 2024 жылғы 27 қазан – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф жаңадан тағайындалған Мысыр Әділет министрі Аднан Фанжари Әбу Джабаль Хусейн мырзамен кездесіп, оның жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевтың атынан ресми түрде құттықтау хатын табыстады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде әділет саласындағы байланыстарды өрбітуге ерекше назар аударатындығын жеткізді. Бұл тақырып төңірегінде қазіргі уақытта ҚР Әділет министрлігі біршама шет мемлекеттермен құқықтық көмек көрсету туралы 11 мемлекетаралық шарттарға және 9 халықаралық мекеме арасындағы келісімдерге қол қою бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығы баяндалды. Осы ретте қазақстандық тараптың МАР Әділет министрлігімен бірлесіп бұл бағыттағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге ұмтылысы атап өтілді.
Нәтижесінде, тараптар жақын арада Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы», «Ұстап беру туралы» және «Сотталғандарды беру туралы» мемлекетаралық келісімдеріне қол қою қажеттігіне назар аударды. Аталмыш құжаттарды қабылдау екі елдің осы саладағы құзырлы органдарына қылмыстық сот ісін жүргізу аясында құқықтық ынтымақтастықты оңтайландыруға көмектесетіні баса айтылды.
Анықтама: аталған келісімдер жобалары Мысыр Әділет министрлігінің түзетулерімен қоса Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына түпкілікті қарастыру үшін жолданды.
Сонамен қатар, мысырлық тарапқа Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы Әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды қабылдаудың маңыздылығы айтылды. Өз кезегінде бұл екі мекеме арасындағы байланыстарды, соның ішінде құқықтық мәселелер бойынша ақпарат алмасуды және әділет мекемелеріне қажетті техникалық көмек көрсетуді одан әрі дамытуға ықпал етедіндігі тілге тиек етілді.
Анықтама: аталған меморандум жобасы МАР әділет министрлігіне қарастыруға және келісімін алуға жолданды.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырды.