
Каир, 2024 жылғы 24 қазан Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Таяу Шығыс пен Африкадағы жетекші құрылыс компаниялардың бірі болып табылатын «Arab Contractors» (Osman Ahmed Osman & Co.) компаниясының Төрағасы Ахмед Мустафа әл-Ассармен кездесті.
Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі туризм саласына аса мән беріп, осы бағыттағы жұмыстарды қарқындатудың маңыздығын алға тартатыны туралы айтылды. Сонымен қатар, еліміздің туристік аймақтарының әлеуетін нығайтуға «Arab Contractors» компаниясының атсалысуына ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Әңгіме аясында шетелдік инвесторларға Қазақстанда қолайлы жағдайлардың жасалып жатқанына назар аударылды. Соның ішінде, жұмысты оңтайландыру мақсатында Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырғаны туралы жеткізілді.
Сонымен қатар, тараптар көне ескерткіштердің болашақ ұрпаққа мұра ретінде жеткізілуінің маңызды екенімен келісе отырып, оларды сақтап қалудағы жұмыстарды жүргізу туралы айтты. Елімізде тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, зерттеу жұмыстары «Мәдениет туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану туралы» заңдарда көрсетілген талаптар арқылы жүргізілетіні туралы жеткізілді. Осы ретте, Елші аталған компанияны Мысырдағы мәмлүк дәуірінен қалған ескерткіштерді және еліміздегі көне заманнан бергі жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға шақырды. Мысырлық тарап өз келісімін білдіріп, тараптар жақын арада бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған іс-шараларды бастауға уағдаласты.