
Каир, 2024 жылғы 22 қазан Қазақстанның Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының жаңадан тағайындалған Қаржы министрі доктор Ахмед Ашраф Али Кужукпен кездесті, оның барысында ол Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиевтің атынан ресми құттықтауын табыс етті.
Кездесуде тараптар ағымдағы экономикалық және қаржылық ахуалды, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін екі ел үкіметтері жүргізіп жатқан реформалар мен қабылдап жатқан шараларды талқылады.
Елші Қайрат Лама Шариф Қазақстан экономикасының өсу қарқынының жалғасуы және оның ағымдағы жылдың соңғы 9 айында 3,7%-ға дейін жеделдетілгені туралы айтты. Ол Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың экономиканы кешенді модернизациялау бойынша жүргізіп отырған жүйелі саясатының нәтижесінде Moody’s рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді рейтингін тұрақты болжаммен Baa1 деңгейіне дейін көтергенін атап өтті. Берілген рейтинг ел тәуелсіздігінен бергі кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады және институционалдық ортаның үздіксіз жақсаруын және экономиканы әртараптандыру қарқынының тұрақтылығын растайды. Ол сұхбаттасушыға Үкіметтің бюджет саясатының тиімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті.
Сұхбаттасу барысында қосарланған салық салуды болдырмау және табыс салығына қатысты салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан-Мысыр үкіметаралық конвенциясына қол қоюға дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар бірауыздан бұл құжатқа қол қою инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау және салықтан жалтаруға жол бермеу арқылы екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтып, кеңейтеді, іскерлік байланыстарды тереңдетуге ықпал етеді деген пікірді қолдады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясындағы Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығының келешегі атап өтілді. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Африка континентіндегі бірқатар мысырлық компаниялар АХҚО-да тіркелгенін, бұл Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін жасалған қолайлы климаттың қосымша дәлелі екенін хабарлады.
Мысырдың Қаржы министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен сауда-экономикалық және қаржылық салаларда жүргізілген реформаларды құптады, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге, қаржы көлемін мен екі елдің инвестициялық белсенділігін арттыруға дайын екенін растады.