Мысыр Президенті Қазақстанның полиция қызметкерін «Оқуда үздік» медалімен марапаттады

Мысыр Президенті Қазақстанның полиция қызметкерін  «Оқуда үздік» медалімен марапаттады

Каир, 2024 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шарифтің қатысуымен Мысыр полиция академиясы түлектерінің оқу бітіруіне орай өткізілген салтанатты жиында Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкері полиция капитаны Ақәділ Канапинді II-дәрежелі «Оқуда үздік» медалімен марапаттады.

Полиция капитаны Ақәділ Канапин Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен Мысыр полиция академиясына тәжірибе алмасуға және 2024 жылғы 9 қыркүйекте басталған «Жоғары деңгейлі тұлғалардың күзеті» оқу курстарына қатысуға жіберілген болатын.

Жалпы Каирге тәжірибе алмасу мен оқу курстарына қатысуға Африкадан 22 елдің және Шығыс Еуропа мен Азиядан 7 елдің полиция қызметкерлері келді. Сол полицейлердің қатарынан үздік оқыған Ақәділ Канапин және африкалық елдерден Камерун өкілі ғана аталған медальдарды алуға таңдалды. Осылайша, Қазақстан өкілі ерекше құрметке ие болды.

Қазақстан мен Мысыр қарым-қатынастары әртүрлі деңгейлерде жанжақты дамуда, өзара саяси диалог орнатылып, екіжақты сауда көлемі өсіп, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туристік ағымдар айтарлықтай кеңейді. Сондай-ақ, құқық құрғау органдары арасында да өзара ынтымақтастық нығаюда – мүдделі екіжақты мекемелердің арасында өзара ықпалдастықты күшейтетін өзара құқықтық қолдау туралы бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланған.