Қазақстан мен Мысыр дінаралық және өркениетаралық диалогты белсенді дамытуда

Қазақстан мен Мысыр дінаралық және өркениетаралық диалогты белсенді дамытуда

Каир, 2024 жылғы 25 тамыз - Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының жаңадан тағайындалған Уақыптар министрі доктор Усама ал-Азхаримен кездесіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын табыс етті. Онда Қазақстан мен Мысыр арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар одан әрі тереңдей түсіп, бауырлас елдеріміздің игілігі үшін өзара ынтымақтастық дами береді делінген. 2023 жылы Мысыр Президентінің Ислам істері жөніндегі кеңесшісі Усама әл-Азхари Қазақстанда іссапармен екі мәрте болды. Алдағы уакытта да ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Мысыр Уақыптар министрлігі арасындағы түрлі бағыттағы екіжақты қарым-қатынастар одан әрі өзара түсіністік рухында жалғаса беретін болады.

Мәселен, 2024 жылы 29-30 шілдеде Мысыр Президентінің қамқорлығымен Каир қаласында «Қарқынды өзгерістегі әлем жағдайындағы пәтуа және оның рухани-адамгершілік тәрбиедегі рөлі» атты халықаралық конференцияға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің Төрағасы Ержан Нүкежанов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб муфти Сансызбай Шоқанов пен ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов қатысты.

2024 жылғы 25-26 тамызда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация Каирде өтетін «Сауаттылықты арттырудағы әйелдердің рөлі» атты 35-ші халықаралық конференцияға қатысуда.

Сондай-ак, Министр Аида Балаева өзінің құттықтау хатында Қазақстан сындарлы дінаралық және өркениетаралық диалогты қалыптастырып, нығайтуға баса мән беретіндігін атап өтті. Осы жасампаз дәстүрді жалғастыру аясында ағымдағы жылдың 8 қазанында Астана қаласында Съез Хатшылығының кезекті XXII отырысы өтеді. Хатшылық Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасын одан әрі жүзеге асыру мәселесі, сондай-ақ алдағы VIII Съездің тақырыбы мен өткізу мерзімдерін талқылайды. Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Шей Ахмед ат-Тайеб пен Мысыр Уақыптар министрі доктор Усама әл-Азхари алқалы жиынға өз өкілдерін жіберетін болады.