Каир, 2024 жылғы 21 тамыз – Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың жаңа Үкіметі құрамында қайта тағайындалған Жастар және спорт министрі доктор Ашраф Собхимен кездесіп, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат биылғы тамызда Парижде өткен Олимпиада ойындарында жүлделі болған Мысырлық команданы еліміздің атынан құттықтады. Мысыр сайыскерлері бессайыс спорт түрінен алтын, әйелдер ауыр атлетикасынан күміс және семсерлесуден бронза медальдарын жеңіп алды. Осы ретте, А.Собхи қазақстандық спортшыларға да өзінің жылы лебіздерін білдірді.
Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Елші Қайрат Лама Шариф Мысыр Жастар және спорт министрі Ашраф Собхиді алдағы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының құрметті қонағы болуға шақырды. Көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады және Қазақстанның бас қаласына 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс және ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтетіндігі туралы ақпараттар берілді.
Сұхбаттасушылар сонымен қатар, Қазақстан мен Мысыр мемлекеттік органдары арасындағы жастар және спорт салаларында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тиісті екіжақты меморандумдардың жобаларын дайындау барысын кеңінен талқылады.
Екі жақтың да көптеген спорт түрлерінен айтулы жетістіктерін, сондай-ақ біліктілігі жетік жас буынды саясаткерлер арасында ынтымақтастық орнату маңыздығын назарға ала отырып, сәйкесінше спортта тәжірибемен алмасу және жас шенеуніктер мен парламентарийлер делегацияларының өзара сапарларын ұйымдастыру мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.
Министр А.Собхи шақыруды зор ризашылықпен қабыл алып, аталған маңызды іс-шараға Мысыр тарапы қатысатындығын растады.