жаңадан тағайындалған Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесу

жаңадан тағайындалған Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесу

Әл-Аләмейн, Мысыр, 2024 жылғы 8 тамыз - Қазақстанның Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының жаңадан тағайындалған Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесіп, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын табыс етті.

Қазақ тарапы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың алдағы жылдарда қуатты серпін алуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ынтымақтастық салаларын кеңейту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.

Жылдан жылға Мысырға баратын қазақстандық туристер саны өсіп, Шарм аш-Шейх маңызды демалыс орнына айналып үлгірді. Қазақ тарапы да мысырлық туристер мен саяхатшыларды қабылдап, қонақжайлық көрсетуге дайын. Бүгінгі таңда 82 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, халықаралық әуе қатынасы 108 бағыт бойынша 29елге орындалады.

ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің ақпараттары бойынша Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 30-ге дейін жетіп, бұд санды 48-ге арттыру жоспарланған. Жыл сайын 190 мыңнан астам туристерді Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай әуе жайлары арқылы Мысырдың туристік аймақтарына Air Astana, SCAT, Fly Arystan, Egypt Air, Red Sea және Nile Air тасымалдайды.

Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Елші Қайрат Лама Шариф Мысыр Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыяны алдағы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының құрметті қонағы болуға шақырды. Көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысып, Қазақстанның Бас қаласына 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс және ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтетіндігі туралы ақпараттар берілді.

Қазақстандық дипломат пен Мысыр Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыя ғасырлар бойы Қазақстан мен Мысырды бай тарихи және мәдени мұралар біріктіретінін атап өтті. Осы ретте көне Мысыр жерінде біздің даңқты бабаларымыз Қыпшақ мәмлүктері салған 150-ден астам көне ескерткіштерді бірлесіп қамқорлыққа алу мәселелері көтерілді.

 Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігі әл-Мансур университетінің мәмлүктанушы ғалымдармен бірлесіп, туристердің жол картасын жасауда.