
Бұл туралы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам әлемі ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Сәлім әл-Мәлік Қазақстанның Мысырдағы елшісі, аталмыш ұйымның істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы Төрағасының орынбасары А.Исағалиевпен кездесуі барысында мәлімдеді.
Атап айтқанда, Бас директор Нұр-Сұлтанда біртуар ислам ойшылы, Ұлы Дала елі перзентінің 1150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны ИСЕСКО-ның қолдауымен өткізуге ниет білдірді. Сонымен қатар, ұйымның басшысы ислам әлемі елдерінде Әл-Фараби орталықтарын ашу, ғұлама еңбектерінің энциклопедиясын басып шығару, оның мұрасы жөнінде көркем фильм түсіру жөнінде Қазақстан бастамаларын қолдады.
Сәлім әл-Мәлік өзі басқарып отырған ұйымның Қазақстанмен ынтымақтастығының жоғары дәрежесін айта отырып, биылғы жылы елімізге ресми сапармен келу ниетін қуаттады.
Бұған қоса, кездесу барысында Қазақстанның ИСЕСКО Бас хатшылығында Қазақстанның өкілдігін арттыру мақсатында кадрлық мәселелер де қозғалды.