Қ.Мәми Алжир Конституциялық Кеңесінің 30 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты

Қ.Мәми Алжир Конституциялық Кеңесінің 30 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты

ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ.Мәми Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық Кеңесінің 30 жылдығына арналған «Конституциялық әділеттілік және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты. Бұл іс-шара мемлекеттік деңгейде аталып өтуде және 2021 жылы осы елде жоспарланған конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның алдында ұйымдастырылды.
Форумға қатысушылардың ішінде қабылдаушы елдің мемлекеттік құрылымдарының басшылары, шет мемлекеттердің конституциялық соттар мен кеңестерінің төрағалары, халықаралық ұйымдардың басшылары, Алжирдің іскер және ғылыми топтарының өкілдері бар. Пленарлық отырыста Алжир Президенті Әбделмажид Теббун қатысушылар алдында сөз сөйледі.
«Конституциялық сот төрелігінің қоғамдық бейбітшілікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі» тақырыбындағы мерекелік іс-шаралар аясында өткізілген халықаралық дөңгелек үстел барысында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми баяндама жасады. Ол өз сөзінде қоғамдағы бейбітшілік ең маңызды конституциялық құндылық екенін атап өтті. ХХІ ғасырда қоғамның осындай күйіне жету ерекше маңыздылыққа ие болды. Әлеуметтік татулықтың кепілдіктерін алдымен Конституцияда іздеу керек. Конституциялық әділет органдарының қызметі азаматтық бейбітшілікті бұзудың ықтимал себептері болып табылатын заңдардағы және оны қолдану тәжірибесіндегі қайшылықтар мен олқылықтарды жою жолдарын айқындаумен және көрсетумен байланысты. Конституционализмді нығайту және заң үстемдігі қағидаттарын нығайту – бейбітшіліктің, келісім мен мемлекеттердің үдемелі дамуының кепілі, деп мәлімдеді спикер.
Форум аясында Қ.Мәми Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының төрағасы Джанни Букичкиомен, Алжир Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Камел Фенишпен және бірқатар шет мемлекеттердің конституциялық соттарының басшыларымен кездесіп, конституциялық және құқықтық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қ.Мәми өз әріптестерін осы жылдың 27-28 тамызында Нұр-Сұлтанда өтетін Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысуға шақырды.