«Әл-Азһар» Шейхы Қазақстанның тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды жандандыру саясатын жоғары бағалады

«Әл-Азһар» Шейхы Қазақстанның тарихи, мәдени және рухани құндылықтарды жандандыру саясатын жоғары бағалады

Ү.ж. 27 ақпанда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі А.Исағалиев мұсылман әлемінің рухани көшбасшысы, «Әл-Азһардың» Бас имамы шейх Ахмад ат-Тайебтың қабылдауында болды.
Қазақстандық дипломат Ислам орталығының басшысына Қазақстан Республикасының діндер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды ілгерілету жөніндегі бастамаларын қолдауы, сондай-ақ қазақстандық діни кадрларын даярлау және біліктілігін арттыру бағытындағы үлкен жәрдемі үшін еліміздің басшылығы атынан зор алғыс айтты. Қазіргі кезде «Әл-Азһар» мен «Нұр-Мүбарак» университеттері еліміздің теологтарын дайындайтын негізгі жоғары оқу орны болып табылады.
Сонымен қатар, елші биылғы жылы Қазақстанның бастамасымен мұсылман өркениетінің біртуар ғалымы және философы, Ұлы дала перзенті Абу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы бүкіл әлем деңгейінде атап өтілетінін жеткізді және Шейхке «Әл-Азһар» кітапханасындағы философтың сирек қолжазбаларын бергені үшін зор ризашылығын білдірді. Өткен жылы Бас имамның шақыруымен Каирге ҚазҰУ фарабитанушы ғалымдарының делегациясы келді, олар Қазақстанда бұрынды-соңды жарияланбаған Ұстаздың еңбектерімен танысып, көшірмелерін алды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ Мысыр ғалымдарымен бірлесе отырып, Әл-Фараби еңбектерінің энциклопедиясын дайындау үстінде. А.Исағалиев биылғы жылы ЮНЕСКО, ИСЕСКО және ИЫҰ қолдауымен әлемнің көптеген елдерінде Әл-Фараби мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтетіндігін, сондай-ақ ғылыми орталықтар ашылатындығын хабарлады.
Өзі ислам философиясының маманы болып табылатын және Әл-Фараби мұрасымен жақсы таныс шейх Ахмад аль-Тайеб Қазақстан басшылығына ұлы ғалымның мұрасын жаңғыртқаны үшін өз ризашылығын білдірді. Ол «Ұстаздың бізге үйреткен рухани және мәдени құндылықтары қазіргі қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан мұсылман әлемі үшін өте қажет» деп мәлімдеді. Бас имамның айтуынша, «осындай құнды бастамалар көптеген біртуар ислам ғалымдары мен теологтарының кіндік қаны тамған Орталық Азия мемлекеттерінен шыққаны біздерді қатты қуантады». Ол биыл Каирде де «Әл-Азхардың» қамқорлығымен Әл-Фарабиге арналған бірқатар халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылатынына уәде берді.
Бұған қоса, кездесу барысында «Әл-Азхар» өкілінің үстіміздегі жылдың маусым айына жоспарланған Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының кезекті отырысына қатысуы, сондай-ақ Дінаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға арналған Н.Назарбаев орталығы мен «Әл-Азһардың» діндер арасындағы диалог орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы сөз қозғалды. Шейх 2018 жылы өзі қатысқан VI Съездің нәтижелеріне жоғары баға бере отырып, Хатшылықтың алдағы отырысына өз өкілінің қатысатынын растады. Сонымен қатар, ол Н.Назарбаев орталығымен жоғарыда аталған меморандумға жақын арада қол қоюға қызығушылық танытып, оның әрі қарай қалыптасуы мен дамуына барынша көмек көрсетуге дайын екендігін айтты.