
Каир, 2023 жылғы 12 ақпан - Елші Қайрат Лама Шарифтің Аймақтық жаңартылатын энергия көздері және энергия тиімділігін арттыру орталығының (RCREEE) атқарушы директоры доктор Джауад аль-Харразбен кездесуі өтті.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елдегі жаңартылатын энергия көздері нарығының дамуы туралы хабардар етті. Әлемдік қоғамдастықпен қатар Қазақстанның да ЖЭК саласын дамытуға үлкен көңіл бөлетіндігін және қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қомақты инвестициялар салынып жатқанын атап өтті.
Сонымен қоса соңғы жылдары әлемдік тәжірибені ескере отырып және ЖЭК-ті дамытуда жүйелі шараларды қабылдауға бағытталған мемлекеттік саясатты белсенді жүзеге асыру арқылы ЖЭК саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша елеулі қадамдар жасалғанын атап өтті.
Өз кезегінде доктор Джауад аль-Харраз RCREEE-ге мүше елдердің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу тәжірибесі, парниктік газдар шығарындыларын азайту саясатын қолдау жоспарлары және қажетті инвестициялар туралы айтты. ЖЭК технологияларын дамыту мен ілгерілетуді бүгінгі таңда халықаралық сарапшылар қауымдастығының ынтымақтастығынсыз және тұрақты тәжірибе алмасуынсыз елестету мүмкін еместігін атап өтті.
Елші Қайрат Лама Шариф Астана халықаралық форумының жұмысына тоқталып, оның ЖЭК дамытуға мүдделі елдердің білімі мен тәжірибесін байытудың бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атынан ағымдағы жылдың 8-9 маусымында Қазақстан астанасында өтетін Астана халықаралық форумының жұмысына қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша RCREEE ЖЭК дамытуға мүдделі қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен және жеке компаниялармен одан әрі ынтымақтастық және өзара әрекеттесу мүмкіндіктері туралы уағдаласты.
Анықтама үшін. Аймақтық жаңартылатын энергия көздері және энергия тиімділігін арттыру орталығы (RCREEE) – дипломатиялық мәртебесі бар үкіметаралық ұйым. Оның мақсаты араб елдерінде жаңартылатын энергия мен энергия тиімділігін арттыру тәжірибесін енгізу мен кеңейтуді қамтамасыз ету. RCREEE аймақтық үкіметтермен және жаһандық ұйымдармен бірігіп, араб мемлекеттерінің таза энергетикадағы үлесін арттыру үшін таза энергия саясатының әлеуетін дамыту бойынша диалогтар, стратегиялар мен технологияларға жетекшілік етеді. RCREEE 2008 жылдың маусымында он араб елінің үкімет өкілдері қол қойған Каир декларациясының негізінде құрылды.