
Камерун Республикасының Президенті Паул Бия Гвинея Республикасының Конакри қаласында 2013 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) жарғысын ратификациялау туралы Жарлыққа қол қойды.
Камерун АҚИҰ Жарғысын бекіткен ислам әлемінің 18-ші мемлекеті болды, осылайша осы ұйымға мүше мемлекеттердің алдында тұрған аштықтың өршуі, дұрыс тамақтанбау, кедейлік, халықтың өсуі, азық-түлік тапшылығы, шөлейттену, ормандардың жойылуы және топырақтың тұздануы сияқты азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты негізгі мәселелерді шешу жолдарын іздеуге қатысу қажеттілігін мақұлдады.
Жарғыны бекіткен әрбір мүше мемлекет үшін бұл құжат Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Бас хатшылығына бекіту туралы құжат ұсынылған күннен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
АҚИҰ ИЫҰ Жарғысының 24-бабына сәйкес Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады. Оның құрамына Ислам әлемінің 37 мемлекеті кіреді және оның қызметі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік әлеуетін дамыту саласындағы күш-жігерді жұмылдыруға бағытталған.
2020 ж. қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚИҰ-ның азық-түлік көмегін көрсетудегі рөлін атап өтті: «Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады. Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек. Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз. Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын».