
Каир, 2022 жылғы 29 қараша – Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың Жастар істері және спорт министрі Ашраф Субхимен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде атап өткен заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған іс-шаралар туралы баяндап берді. Мемлекет басшымыз жастарды қолдайтынын, Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын өскелең ұрпақ жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтыла отырып, жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керектігін, осылай өмір сүрген адам ешқашан, ештеңеден ұтылмайтындығы аталып өтілді.
Осы ретте сұхбат кезінде 2023 жылдың ақпан айында Астанада өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр Үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Мысырдың Жастар істері және спорт министрі Ашраф Субхи екі елдің жастар саясаты саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, жастар жөніндегі мемлекеттік органдар мен жастар бірлестіктерінің желісі бойынша жастармен жұмыс саласында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, жастармен жұмыс саласындағы мамандардың ынтымақтастығын көтермелеу мен іс-тәжірибе алмасуға, жұмыспен қамту бағдарламаларын, сондай-ақ жастардың тұрғын үй проблемаларын шешуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру бойынша тәжірибе алмасуға мүдделік танытты.
Елші Қайрат Лама Шариф өз кезегінде қазақстандық тарап Мысыр мен Қазақстанның ұлттық спорт федерациялары, одақтар мен қауымдастықтар арасында тікелей байланыстар орнатуға, өз аумақтарында спорттағы жетістіктерді насихаттайтын ақпаратпен алмасуға, жоғары жетістіктер спорты, Олимпиадалық қозғалыс, балалар-жасөспірімдер спорты, мүгедектер спорты салаларындағы мамандарды даярлау мәселелері бойынша жүйелі консультациялар өткізуге ынталы екендігі жеткізілді.